Астанада насыбай өнімдерінің заңсыз сатылымына жол бермеу үшін рейд жүргізілді

Қазіргі таңда елімізде насыбай, вейп электронды темекісін, снюсты сатуға тыйым салынған. Ол үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексте жауапкершілік қарастырылған (196-бап – «Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау») және 25 АЕК көлемінде айыппұл көзделген. Бұл шамамен 92 300 теңге деп хабарлайды   Altyn-orda.kz 

Аталған өнімдердің заңсыз сатылуының алдын алу мақсатымен бүгін Астана қаласының Сарыарқа ауданында рейд өтті.
18 наурыздан басталған іс-шараның жалғасы ретінде ұйымдастырылған рейд барысында Сарыарқа ауданы әкімдігінің бас маманы Ерасыл Қайратов пен учаскелік полиция қызметкері Ерлан Жылқыбаев аудандағы 5 дүкенді аралап, сатушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, оларға заң талаптары жөнінде кеңірек ақпарат берді.

Қуанышқа орай, 5 дүкеннен де заңбұзушылық анықталған жоқ.

 

Ондағылар заңнан хабардар болып шықты. Мысалы, «Әмина» дүкенінің иелеріне бұған дейінгі тексеріс кезінде насыбай сатқаны үшін айыппұл салынған екен. Бұл жағдайдан қорытынды жасаған олар қазір бұл өнімді сатпайтын болған.
«Біз осыған дейін бір рет заң бұзушылықпен ұсталып, айыппұл төлегенбіз. Одан кейін насыбайды мүлдем сатпайтын болдық. Өйткені айыппұл төлеп жүргіміз келмейді», ‒ дейді «Әмина» дүкенінің иесі Айболат Қалдарбеков.
Атап өту керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2024 жылдың 15 наурызындағы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында насыбай атудың денсаулыққа зиян және ұят әдеттердің бірі екенін айтқан еді.

Президент 2015 жылы насыбайды өндіру мен таратуға тыйым салынғанымен, әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатқанын және құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданбай келгенін сынға алған.

Сондықтан осы жылдың 18 наурызынан бастап елімізде шегуге болмайтын темекі өнімдерін заңсыз сату және тарату фактілерін анықтау жұмыстарына күш салынып, «Насыбай» жедел профилактикалық іс-шаралары қолға алынған.


Осы орайда, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері аудандық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, рейд басталғаннан бері аудан бойынша 400-ден астам жеке кәсіпкерлік нысанын (сауда орталықтары, азық-түлік дүкендері) тексерген болатын.

Нәтижесінде 60-тан астам заң бұзушылық анықталып, жалпы сомасы айыппұл 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, 30 келіден аса насыбай насыбай тәркіленді.

Гүлжайна БЕКМЫРЗА