АСТАНАДА ҮЗДІК ЖАС ОТБАСЫЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Елордада «ҮЗДІК ЖАС ОТБАСЫ-2024» байқауы өтіп, мәреге жеткен он отбасының арасынан топ жарып шыққан жұп 700 мың теңгелік сыяпатқа ие болды. Бұл іс-шара Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының жас отбасылар арасында мәдениет, ұлттық дәстүр мен адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, неке және отбасы институтын нығайтуға бағытталған «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Мұндағы мақсат – қоғамда жас отбасылардың дәстүрлі отбасылық институтын насихаттау, отбасы құндылықтарын түсіндіру, отбасылық қатынастарды нығайту, жас отбасылар арасында бір-бірін тыңдау, екеуарада кері байланыс жасау дағдыларын қалыптастыру.

 

Биылғы байқауға 35 жасқа дейінгі елордалық жас отбасылардан 60-тан артық өтінім келіп түскен. Отбасылық жұптарға арналған зияткерлік турнирінен 10 отбасы іріктеліп, финалға, яғни «Үздік жас отбасы» шығармашылық байқауына Ашу, Ендібай, Ербол, Исабай, Қажымұрат, Құлшар, Наби, Самет, Серікбай және Кушеновтар отбасылары жолдама алған болатын.

Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының маманы Анель Мансұрованың айтуынша, байқаудың басты критериі – қатысушылар Астана қаласында тұрып жатқан 35 жасқа дейінгі жастар болуы керек.

«Яғни, ерлі-зайыптылардың біреуінің жасы 35-тен аспауы тиіс, екіншісінің жасы одан асуына болады. Өйткені қазіргі таңда заң бойынша жастар қатарына 14 пен 35 жас аралығындағы тұрғындар кіреді. Жалпы бұл байқау «Отбасы – бақыт мекені» деп аталатын үлкен іс-шаралар кешенінің аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жыл бойы студенттер және жас отбасылар арасында семинар-тренингтер, спорттық эстафета өткіздік. Осы жылы үздік атану үшін 65 отбасы бақ сынасса, былтыр 58 отбасы қатысты. Олар осындай кезде бірігіп дайындалады. Соның арқасында ерлі-зайыптылардың арасында бірлік орнап, олардың тату-тәтті өмір сүруі және бір-бірін түсіне білуіне жағдай жасап, елімізде ажырасу жағдайларының алдын алуға ықпал ете аламыз деп ойлаймын», – дейді Анель Мансұрова.

 

Екі қыз бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты Көшенов Ғабидолла мен Құралай Әбілдаева ақтық мәредегі үш тапсырмадан сүрінбей өтіп, үздік отбасылардың үздігі атанды. Таңданарлығы, екеуі де тәуелсіздіктің құрдасы –  1991 жылы туған және екеуінің де туған күні қазан айында.

«Биыл отбасы құрғанымызға 7 жыл толады. Осы байқауға алғаш рет қатысып отырмыз. Инстаграмм әлеуметтік желісі арқылы байқаудың өтетіні жайында жарнаманы көрдім. Сосын бірден жолдасыма айтып, қатысуға өтініш бердік. Зияткерлік турнирден бес күн бұрын ақтық мәреге өткенбіз. Сол бес күннің ішінде өзіміздің бірлігіміздің, ынтымағымыздың нәтижесінде бәріне үлгердік. Бірінші тур – таныстыруда бізге бір-ақ минут уақыт берілді. Бір минутты ұтымды пайдалану үшін отбасымызбен видео түсірдік. Екінші турдағы өнер көрсетуде жолдасым үйде үш сағаттық уақыт алатын қамшы өріп, әділқазылар алқасына алып келді. Ал мен бастапқы уақытта күй тарттым, одан кейін Фариза Оңғарсынованың «Мен анамын» өлеңін жатқа айттым. Ал қыздарымыз «Кішкентай торғай» әнін сыбызғымен орындады. Жалпы, Астанаға көшіп келгенімізге екі жыл болды, негізі Сыр өңірінің тумасымыз», – дейді Құралай Әбілдаева.

«ҮЗДІК ЖАС ОТБАСЫ-2024» байқауының жүлде қоры: 1 орын – 700 000 теңге, 2 орын – 450 000 теңге,   3 орын – 350 000 теңге, сондай-ақ, финалда өнер көрсеткен 7 үздік отбасына 100 000 теңгеден табысталды.

Атап өту керек, іс-шара Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова,  «Жайна Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Еркетаев, «Үздік жас отбасы-2023» байқауының жеңімпазы Гаухар Сәдуақасова және жастар ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен өтті.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

Altyn-Orda.kz