Астаналық еріктілер есірткіге қарсы акция өткізді
Елордалық еріктілер биылдыққа қала бойынша мұндай 40-тан астам акция ұйымдастырды. Барлығы 6200 ерікті бар. Нашақорлыққа қарсы әрекет барысында олар қабырғалардағы есірткі сату туралы мәліметтері бар жазуларды көрінбейтіндей бояды. Бұл жолы Астана қаласының Байқоңыр ауданындағы аспалы көпірдегі нашақорлыққа үгіттейтін, есірткі саудаланатын интернет-мекен-жайлары көрсетілген жазбаларды өшіріп, оның орнына бояумен «Нашақорлыққа жол жоқ» деген жазу қалдырды.
Бұл акция Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігінің аппараты, Жергілікті полиция қызметі басқармасы, Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және «Астана жастары» ЖРО» волонтерларымен бірлесіп өткізіледі. 2024-2025 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде жүзеге асқан іс-шара барысында есірткі сату туралы жарнамалар жазылған қабырғалар боялып, тұрғындарға есірткі заттарының зияны туралы ақпарат берілді.
«Біз бүгін қабырғалардағы есірткі заттарын сататын жазбаларды немесе сатып алуға мүикіндік беретін телеграм каналдардың сілтемелерін бояуға келдік. Мұны адамдар, әсіресе жастар мұндай жарнамаға ермеуі үшін, есірткіге әуес болмауы үшін жасап жатырмыз», – дейді ерікті Даниял Келгенбаев.
Осындай іс-әрекеттер азаматтардың нашақорлық мәселесінің жолын кесу және оны шешу үшін күш-жігерін жұмылдыру қажеттігіне назар аудартқызады.
Мақсат – есірткі сату туралы жарнамалары бар қабырғаларды қою түспен бояу арқылы есірткіні қолжетімді етпеу әрі көзге түспеуін қадағалау, есірткі қолдануға қатысты қоғамдық жағымсыз пікір қалыптастыру және салауатты өмір салтын қолдау, есірткіге тәуелділікпен күресуде жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар және азаматтардың күш-жігерін біріктіру.
Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Лейла Рахымованың айтуынша, бүгінгі таңда есірткі сататын екі жүзге жуық сайт бұғатталған.
«Сол сияқты екі мыңға жуық сурет анықталды. Содан кейін полиция қызметкерлері 400-ге жуық қылмыстық іс қозғады. Оның 300-іне есірткі заттарын саудаланғаны үшін деген айып тағылды. Қала тұрғындарынан, сондай-ақ, елорда қонақтарынан осындай фактілерге назар аударуды және полиция қызметкерлеріне міндетті түрде хабарлауды сұраймыз», – дейді полиция подполковнигі.
Атап өту керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың, әсіресе жастардың арасында есірткінің таралуына тосқауыл қою қажеттігіне назар аударған болатын. Өйткені есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қатер төндіреді.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс», — деген еді Президент.
Сондай-ақ, синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтыратынын, сондықтан оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажеттігін алға тартқан. Бұл кезекте полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керектігін қадап айтты.
Аталған тапсырманы орындау үшін былтыр Үкімет нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткен. Оны дайындау барысында психоактивті заттардың жаңа түрлерінің үлесі артуы, есірткіні өндіру, тасымалдау және тарату әдістерінің өзгеруі, белсенді түрде енгізіліп жатқан қазіргі әлемдік есірткі саясатының ерекшеліктері ескерілген. Сондықтан 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ