«Ата-бабаларымыз тарихтың тауқыметінде бір-біріне көмектескен»: Бірнеше ұйым Тоқаевқа хат жазып, қарақалпақ белсенділеріне араша түсуді сұрайды
Қазақстандағы бірнеше этномәдени ұйым президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, елде қамалған қарақалпақ белсенділерінің негізгіз қамауға алынғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ақылбек Мұратбай хатты Facebook-парақшасына жариялап, қарақалпақтың бес белсендісіне босқын мәртебесін беруді өтінді.
Елімізде қарақалпақтың бес белсендісі Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Раиса Құдайбергенова, Зиуар Мирманбетова және Тілеубике Юлдашева ұсталды. Олар шілде айының басындағы Нүкістегі қантөгістен кейін Өзбекстанның егемендігін өзгертуге тырысты деп айыпталған. Жақтастары олардың оқиғаға қатысы жоқ екенін пайымдап, белсенділерді Ташкентке бермеуді және жазаны үй қамаққа ауыстыруды сұрайды.
9 желтоқсанда жарияланған хатта Өзбекстан билігінің белсенді қарақалпақтарды негізсіз айыптағаны жазылған.
«Ұсталған қарақалпақтың бес белсендісінің бірі – 55 жастағы, жұмыс істейтін дәрігер-кардиолог Райса Құдайбергенова. 2022 жылдың 2 шілдесінде болған Нүкістегі наразылықтар кезінде оған масаң күйде Қарақалпақстан аумағында жүріп, YouTube-қа Өзбекстанның мемлекеттік құрылымын конституциялық сипаттан тыс жолмен өзгертуге шақырған материалдарды жариялады деген айып тағылып отыр. Бұл айыптауларды 2 шілдеде Алматы облысы медициналық емханадағы Құдайбергенованың пациенттері, сонымен қатар оның жұмыстағы әріптестері жоққа шығара алады. Сондай-ақ, ҚР ҰҚК шекара қызметі 2022 жылдың мамырынан бастап Райса Құдайбергенова шекараны кесіп өтпегенін және Қазақстан аумағынан шықпағанына көз жеткізе алады», – деп жазылған хатта.
Хат авторларының мәлімдеуінше, белсенділер 12 айға қамауға алынды.
“Экстрадиция мәселесі бойынша тәжірибесі бар қазақстандық адвокаттар азаматтарды қамау әдетте 12 айға созылады деді. Өзбекстан таққан айыптарды тексеру оңай. Мысалы, құжатта Қошқарбай Төремұратовты 2020 жылы Қарақалпақстанда отырып, видео жариялады деген айып бар. Ол кезде пандемия қатты ушығып тұрғандықтан, шекаралар жабылып, ешкім елден кетіп, шыға алмады. Төремұратовтың ол кезде Қазақстанда болғанын тексеру өте оңай”, – деді Ақылбек Мұратбай.
Хат авторлары Қазақстанның құқық қорғау органдары ақпаратты тез тексермей жатқанына қынжылады. Оларға айтылған ақпарат бойынша, Қазақстан ІІМ, прокуратурасы белсенділердің ісін тергемейді, тек Ташкенттен келген экстрадиция бойынша сұрауларды қарап, шешім қабылдайды.
“Бес белсендінің де Қазақстанда пана іздеуші мәртебесі бар. Оларды билік қарап, шешім шығармайынша белсенділер Ташкентке берілмейді”, – деді олар.
Хатқа бес этномәдени бірлестік қол қойған. Олар: Жайхун, Әму Жағасы, Аллаяр жолы Ақтау қарақалпақ этномәдени бірлестіктері, “Еділ-Жайық” қарақалпақ ұлттық мәдени орталығы, Eren El қоғамдық бірлестігі.
Хат авторлары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрай отырып, қарақалпақ пен қазақтың туыстас, мәдениеті ұқсас ел екенін атап өтеді.
“Атам заманнан ата-бабаларымыз тарихтың ең ауыр тауқыметінде бір-біріне қиындықтарды еңсеруге көмектескен. Жоңғар шапқыншылығы кезінде бір күш біріктіруі, Ақтабан шұбырынды мен ашаршылық кезіндегі жәрдем осыны растайды”, – деді араша түсушілер.
Олар президенттен қарақалпақ диаспорасының қамауға алынған белсенділеріне босқын мәртебесін беруді, тағылған айыптарды зерттеуді, тым болмағанда оларды үйқамаққа босатуды өтінеді.
Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанды қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге үндеді. Ұйым халықаралық құқыққа сәйкес кез келген адамды елінде қауіп күтіп тұрса, күшпен қайтаруға болмайтынын атады.