Енді аса таяғы қолынан түспей, “Аттан, қазаққа” басып жүретін Амантай қажы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер. Ақсақал депутаттық сайлауға қатысу үшін заңды түрде тіркелді. Қажы өзін-өзі ұсынды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Ел ішінде «Амантай қажы» атанған Амантай Хантемірұлы Асылбек Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына өткізілетін сайлауда бақ сынайды. Ол Алматы қаласының №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округінде «өзін өзі ұсыну тәртібімен» тіркелді. Кандидаттық куәлігін қолына алды.

— Елім, жерім, Қазақстан жасасын! Аттан, Қазақстан!.. Адамдарға көмектесу — менің азаматтық міндетім, — деді ақсақал.
Кейіннен халық қалаулысы қоғамдық көлікке отырып, жастармен, жолаушылармен суретке түсті. Ізін ала өсіп келе жатқан жас буынға батасын беріп, ақыл-кеңесін айтты.

