Атырауда 150 орындық ірі оңалту орталығы ашылады

Атырау өңірінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға кешенді көмек көрсететін тірек мекеме – заманауи оңалту орталығының құрылысы аяқталуға жақын.

Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында салынуда және өңірдегі ең ірі орталықтардың бірі болмақ, деп хабарлайды Altyn-orda.kz Атырау облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Фото: © Атырау облысы әкімдігі

Орталық медициналық, әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмекті біріктіріп, кешенді қызмет көрсететін мекеме ретінде жылына 1 000-ға жуық адамды қабылдай алады. Бұл аймақтағы бар мекемелердің жүктемесін азайтып, 26 мыңнан астам мүгедектігі бар тұрғын, оның ішінде 4,5 мыңнан астам бала үшін арнайы қызметтерге қолжетімділікті арттырады.

Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Кешеннің мүмкіндіктері

Ғимаратта санитарлық және медициналық талаптарға толық сәйкес келетін 83 арнайы кабинет қарастырылған.

Дәстүрлі оңалтудан бөлек, арт-терапия, музыка және сенсорлық сабақтарға арналған бөлмелер, сондай-ақ аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ), церебралды сал ауруы (ДЦП) және дамуында ауытқуы бар балаларға арналған топтық сабақтар өткізіледі.

Орталықта 100-ге жуық маман жұмыс істейді: реабилитологтар, логопедтер, дефектологтар, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен емдік денешынықтыру нұсқаушылары. Мамандар үшін қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламасы қарастырылған.

Қолжетімді орта мен жайлылық

Орталықта қолжетімді ортаға ерекше мән берілген: кең есік ойықтары, пандустар, тұтқалар, қызметкерді шақыру жүйелері және тайғанамайтын жабындар қарастырылған. Шалғай елді мекендерден келетіндер үшін қысқа мерзімді жатын бөлмелер мен диеталық тағам ұсынылатын асхана да бар.

Орталық маңында инклюзивті ойын және спорт алаңдары орнатылады, көгалдандыру мен аумақты көркейту жұмыстары жүргізіледі.

Президент тапсырмасымен жүзеге асырылуда

Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып, инклюзивті әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Орталықтың ашылуы 2025 жылдың күзіне жоспарланған. Пайдалануға берілген соң, мекеме өңірлік әлеуметтік нысандар құрылымына еніп, ҚР Денсаулық сақтау және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің лицензиялары бойынша жұмыс істейтін болады.

Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов:

«Бұл орталық тек медициналық мекеме ғана емес, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған бейімделу, қолдау мен қалпына келу кеңістігі болады», — деп атап өтті.

Өңір тұрғындары жаңа орталық мүгедектігі бар жандарға көмек көрсетуде маңызды орын алады және балалар мен ересектерге тек емделуге ғана емес, қоғамға толыққанды бейімделуге де мүмкіндік береді деген үміт білдіріп отыр.