Атырауда мұғалімді итеріп жіберген оқушының анасына айыппұл салды

Қазан айының ортасында Атырауда оқушы мұғалімді итеріп жіберіп, оның құлап, жарақат алғаны белгілі болды. Сот шешімімен жетінші сынып оқушысының анасына айыппұл салынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ «Мой город» порталына сілтеме жасап.

11 қазан күні Атыраудағы мектептердің бірінде тарих пәнінен БЖБ (бөлім бойынша жиынтық бағалау) тапсыру кезінде мұғалім жетінші сынып оқушысынан тапсырманы неге орындамай отырғанын сұрайды. Жауап ретінде жасөспірім мұғалімді дөрекі түрде итеріп жібереді. Мұғалім еденге құлап, оң қолынан жарақат алfды.

Бүгін Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында баланың анасына қатысты істі қарағаны белгілі болды. Оған бала тәрбиелеу міндетіне салғырт қарады деген айып тағылды.

«Кінәсін мойындаған жағдайда сот әкімшілік айыппұл сомасын 30 пайызға азайтуға құқылы. Сот шешімімен кәмелетке толмаған баланың ата-анасы кінәлі деп танылып, оған 21 441 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік айыппұл салынды. Бұл айыпталған баптың санкциясында көзделген айыппұл сомасының 30 пайызын құрайды», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. Шешім әлі заңды күшіне енбегені атап өтілді. ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларды күтіп-баптау міндеттерін орындамауы 10 АЕК (30 630 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған дәл сол әрекет 15 АЕК (45 945 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады

kaz.nur.kz/