Атышулы Пенжім ауылының атауы қазақшаланады

Жетісу облысында бірқатар ауыл мен көшенің атауы өзгерді. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаты Гүлназ Мұстафа айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Пенжім енді Пиджим де, Пенжім де, Бенжім де емес. Атауы түсініксіз ауыл Панфилов ауданында орналасқан. Енді ол Атамекен деп аталатын болады. Ал сол өңірдегі тағы бір ауыл — Лесновка елді мекеніне Талды атауы қайтарылады. Алакөл ауданының Жыланды ауылдық округіне қарасты Әшім ауылына да бұрыңғы Төңкеріс атауы қайтарылады»,—деді ол.

Айтуынша, облыстық ономастика комиссиясы аумақ халқының пікірін ескере келе қорытынды жасаған. Бұдан бөлек, депутат Талдықорған қаласындағы аудан және көше атауларының өзгеретінін хабарлады.

«Талдықорған қаласының 9-шағын ауданы «Құлагер», 10-шағын ауданы – «Әл-Фараби» деп аталады, қаладағы Ворошилов пен Невский көшелері бұдан былай Нұрғиса Тілендиев, Абдұлхақ Абдұлхалықовтың атын алады. Ал «Шайқорған» мен «Балауса» деп аталатын құрамдас бөлігіндегі барлық көшелеріне жаңа атаулар беріледі»,—деп толықтырды Гүлназ Мұстафа.