Ауғанстан байланыссыз қалды: Талибан ел бойынша интернетті өшірді

30 қыркүйекте NetBlocks халықаралық қызметі Ауғанстан аумағында интернеттің толықтай ажыратылғанын тіркеді. Бұл – талибандардың 2021 жылғы тамызда билікке оралғанынан бергі ең ауқымды оқиға. Интернетке қолжетімділікпен қатар елде телефон байланысы да бұзылған, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
Билік өкілдерінің айтуынша, желіні өшіру шешімі «адамгершілік нормаларын сақтау мақсатында» қабылданған. Бұған дейін, қыркүйектің ортасында, интернет Балх, Құндыз, Бадахшан, Баглан және Тахар секілді солтүстік провинцияларда уақытша ажыратылған еді.
Ол кезде себеп ретінде «әдепке сай емес контентті» шектеу көрсетілген.
Ресми тұлғалар мәдени құндылықтарға «сәйкес келетін балама байланыс жүйесін» құруға ниетті екенін мәлімдеді. Дегенмен бастаманың егжей-тегжейі ашылған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, бұл елдегі ақпараттық оқшауланудың күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Байланыстың толықтай ажыратылуы гуманитарлық координацияға, журналистердің жұмысына, банк жүйесіне және негізгі цифрлық сервистерге қатер төндіреді. Сонымен қатар, бұл талибандардың ішкі бақылауын күшейтіп, елде болып жатқан жағдайды сырттан тексеруді қиындатады.
Ауғанстан іс жүзінде офлайн күйге өтті — оның экономикасы, қоғамы және халықаралық байланыстары үшін салдары әлі де белгісіз.
Altyn-orda.kz
