Ауғанстанда «Талибан» қозғалысының билігі шахмат ойнауға тыйым салды

Ауғанстанда «Талибан» қозғалысының билігі шахмат ойнауға тыйым салды, бұл ойынды құмар ойындарының бір түрі деп атады, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

«Талибан» қозғалысының спорт департаментінің өкілі Атала Машвани мәлімдегендей, шахмат 2024 жылы қабылданған «Ізгілікке үндеп, жамандықтан тыю туралы» заңға сәйкес тыйым салынған құмар ойындарының қатарына жатқызылған.

Бұл тыйым халықаралық қауымдастық тарапынан сынға ұшырап, 2021 жылы талибтер билікке қайтып оралғаннан бері енгізілген шектеулердің бірі болып отыр. Бұған дейін музыка, кино, әйелдердің білім алуы және қоғамдық өмірге қатысуы да тыйым салынған болатын.

Ал Иран, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты кейбір мұсылман елдерінде шахматқа рұқсат берілген және бұл ойын зияткерлік әрі мәдени дамудың бір бөлігі ретінде мемлекеттік деңгейде қолдау табуда.

«Талибан» ұйымы Ресей және басқа да бірнеше елде террористік ұйым ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған.