Байқоңыр әкімшілігі қала тұрғындарына Украинадағы соғысқа қатысу үшін ақша ұсынған
Байқоңыр билігі Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін қала тұрғындарына ақша ұсынған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазТАГ басылымына сілтеме жасап.
Әскери қызметкер немесе оның заңды өкілі бір реттік өтемақы алу үшін Байқоңыр әкімшілігі халықты әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш беруі керек.
«Байқоңыр әкімшілігі төрағасының 2023 жылы 7 ақпандағы №46 қаулысына сәйкес Байқоңыр қаласында тұратын мобилизацияланған азаматтар және арнайы операцияға өз еркімен қатысқысы келетін, келісімшарт бойынша әскери қызметтен өткісі келетіндерді әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 260 мың рубль көлемінде бір реттік қаржылай өтемақы тағайындалды», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Өтініш қаралған соң қаржы азамат көрсеткен есепшотқа аударылады. Ал есепшот Ресейдің несие ұйымдарында болуы керек.
«Әскери қызметкердің өтініші қабылданып, қаржы аударылатын мерзім 20 жұмыс күнінен аспайды. Сәйкес қаулы қала әкімшілігінің ресми сайтында жарияланған және күшіне енді», – делінген хабарламада.