Бақұл бол, барлау генералы!

ҰҚК органдарының құрметті ардагері генерал-майор Жүкен Баймұхамбетұлы Марденов  89 жасқа қараған шағында өмірден озды. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдары, «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының ардагерлері» РҚБ, «ҰҚК Сыртқа барлау ардагерлері» ҚБ әріптесіміз, Сыртқы барлау генералы Жүкен Баймұхамбетұлының қазасына байланысты отбасына, туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бірінші басқарма (Сыртқы барлау қызметі) бастығы, Қазақ КСР және Қазақстан МҚК комитеті төра­ғасының орынбасары, ҰҚК органдарының құрметті қызметкері, отставкадағы генерал-майор Жүкен Мәрденов бұл салада ұзақ жыл қызмет етіп, генерал шеніндегі лауа­зымға дейін жеткен тәжірибелі бар­лаушы. Қазақстан тәуелсіздік алған алғаш­қы жылдарда қауіпсіздік қызметін басқар­ған генералдың бірі. 1956 жылы Алматы шет тілдер институтын бітіргеннен кейін Пав­лодар облысындағы Лебяжі орта мек­тебінде мұғалім, мектеп директоры болды. Жүкен Баймұхамбетұлы сеніп тапсырылған барлық учаскелерде өзін сауатты, іскер маман ретінде көрсетті. КСРО мемлекеттік қа­уіп­сіздік қызметіне 1961 жылы шақырылды. Павлодар облыстық басқармада жедел уәкіл болып бастаған ол көп ұзамай орталық аппаратқа ауыстырылған. Кейіннен Көк­шетау, Шығыс Қазақстан облыстарында басқарма бастығының орынбасары қыз­метін атқарды. 1983 жылы МҚК Сыртқы барлау басқармасына бастық болып Алматыға оралды.

1987 жылы полковник Жү­кен Мәрденов МҚК Целиноград облыстық басқармасының бастығы болып тағайын­дал­ды. Осы кезде қазақ ауылында туып-өскен Жүкен ағаның арқасында облыстағы желтоқсан оқиғасына қатысқан көптеген жастар «ұлтшыл декабрист» деген қаралау­дан арылып, оқуларына, жұмыстарына қайтадан кіруге мүмкіндік алған еді. Қыз­метіндегі және қоғамдық-саяси саладағы осындай жетістіктері үшін Жүкен Мәрденов 1988 жылы КСРО Үкіметінің Жарлығымен ге­нерал-майор деген жоғары әскери атаққа ие болды.

Жүкен Мәрденов жастарға берер тәрбиесі мол, кішіпейілділік қасиеті ерекше адам еді. Арнайы қызметте істеген жылдарында барлау, қарсы барлау маман­дарын дайындады. Бүгінгі «Сырбар» сырт­қы барлау қызметіндегі генералдар мен офи­церлердің арасында «Жүкен ағаның шәкір­тіміз» дейтіндер аз емес. Әріптестері, шәкірттері Жүкен Баймұхамбетұлының жарқын бейнесін әрқашан есте ұстайды. Марқұмның жаны жәннатта болсын!

Altyn-Orda.kz