Балаларды мектепке велосипедпен апарып жүрген көп балалы ана көмектен бас тартты
Алматы облысында балаларын аязға қарсы қораппен қоршалған велосипедпен таситын Эльмира Огобаеваның видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” сайтына сілтеме жасап.
Көп балалы ана қыздарын мектепке апару үшін жолаушыларға арналған орындығы бар үш дөңгелекті велосипед сатып алған. Суықта тоңбас үшін шатыр орнатты.
“Өзімді видеода көргенде жыладым. Айналада көліктер, адамдар, ал менің қыздарым аквариумдағы балық сияқты отыр. Өзімді қатты аядым. Адамдар маған неліктен көмектескісі келгенін түсіндім», – деді Эльмира.
Желі қолданушылары да, көшеде өтіп бара жатқан адамдар да оны балалардың анасы емес, әкесі деп ойлаған. Әлеуметтік желідегілер батыр әкеге көмектесуді жоспарлап, “әкесі, жарайсыз!”, “қамқорлығы үшін медаль беру керек” деп пікір жазды.
Эльмираның төрт баласы бар. Екеуі мектеп жасында. Ол сегізге дейін 10 жасар Айбибиді, содан кейін бес жасар Айсұлуды нөлдік сыныпқа апаруы керек. Үйге келіп, тамақ дайындайды да, қайтадан кіші қызын алып кетеді. Екеуі бірге жұмысқа барады да, үлкен қызын жұмыстан кейін алып кетеді. Қыздарын тамақтандырып, би үйірмелеріне апарады. Әйел кейде қыздарын алып кетуді көршілеріне өтінетінін жасырмады.
«Теректі» шағын ауданында веложолдар әлі жоқ. Көшеде көлік көп болғандықтан, балаларға жалғыз жүру қауіпті. Ал тротуарларда мұз қатқан. Мектептегі жаяу жүргіншілер жолында жиі жол апаты орын алады. Сондықтан Эльмира қыздарды мектепке жалғыз, жаяу жіберуден қорқады.
Аязды күндердің басталуымен желден қорғайтын мөлдір шатыр салынды. Ағаш және полиэтиленмен жасаған. Ол өзінің велосипедін қауіпсіздік үшін фара және шағылыстыратын элементтермен жабдықтамақшы.
Эльмира Огобаева сұлулық саласында жұмыс істеп жүргеніне 17 жыл болған. Бұған дейін ол аспаз болып жұмыс істеген. Алайда ол халықтан ақша алмайтынын айтты.
“Маған халық ақша жинап берсе де, алмас едім. Өйткені ондайды ұнатпаймын”, – деді көп балалы ана.
Велосипедші ананың айтуынша, оның велопиді – отандық өнім. 160 мың теңгеге жазда сатып алған.
“Қаладан «Теректі» шағын ауданына көштік. Пәтерді жалға алу қиын болды, бағасы 200 мыңға жуық. Ал біз жақсырақ таптық. 50 мыңға ас үйі бар бөлмені, бөлек кіреберісті жалға аламыз. Жеке жатақхана сияқты. Бұл жерде арақашықтық қаладағыдай емес, бәрі басқаша. Қалай жүріп-тұратынымды ойлап, осылай велосипед алдым. Алғашында, әрине, тепе-теңдікті сақтау қиын болды. Қазір үйреніп кеттім” – дейді ана.
Жақында мектеп директоры оған қайырымдылық сияқты көмек ұсыныпты. Бірақ қыздардың анасы бас тартты. Эльмираның айтуынша, мұғалім болудың қаншалықты қиын екенін карантинде қыздарын оқытқанда түсінді. Ешбір жағдайда мұғалімдерге ауыртпалық салып, олардың қаражат жинап бергенін қаламайтынын жеткізді.
Огобаева мұндай ұсыныс айтылғанына ренжіген, өйткені ол өзін көмекке мұқтаж деп санамайды. Өзіне велосипедпен жүрген ұнайтынын айтты. Қыздарымен бірге жолда күліп-ойнап, ән айтады, жұмбақтар жасырады.
Эльмира өз оқиғасымен бөлісті. 2020 жылы ол көптеген адамдар сияқты коронавируспен ауырып, ауруханаға түскен. Жағдайы нашар болған. Дәрігерлер тіпті оның емделіп шығатынына сенбей, туыстарына алып кетуін сұраған. Алайда Эльмира балалары үшін аурумен күресті, қолын сермеген жоқ.
Балаларының жарқын болашағы үшін ол бір кездері Тараздан Алматыға жұбайымен келген. Жер алып, несиеге үй салады. Алайда күйеуі ішімдікке салынып, үй-жайға көңіл бөлмейтін болған. Сол үшін көп балалы ана балаларды алып, үйден кетіп қалады. Алғашында дағдарыс орталығында қоныстанып, кейінірек тез аяққа тұрып кеткен.
Үлкен ұлы мен қызы жоғары білім алған. Үлкен қызы тұрмыста. Ұлы велосипедпен курьер болып жұмыс істеп, отбасына көмектеседі. Ананың ендігі арманы – ұлын үйлендіру.
“Бұл – үнемді және тез, ыңғайлы. Қырық минут кептелісте тұрмаймын. Кейде қызымды немереммен бірге қаладан үйге алып кетемін. Менің қызым мұндай мама ешкімде жоқ деп айтады”, – дейді батыл ана.