«Басын қабырғаға ұрған»: Алматыда 7 жасар қызды өлтірді деген күдікпен өгей шешесі қамауға алынды

Алматыда 7 жасар қызды өлтірді деген күдікпен өгей шешесі қамауға алынған. Марқұм болған қыздың жақындары өгей шешесі жеткіншекті 4 ай бойы сабап келгенін айтады. Қатты соққыдан жан тапсырған қыздың әжесі мен көршілері енді ұлының да жазаға тартылуын сұрайды, деп хабарлады КТК телеарнасына сілтеме жасаған kaz.nur.kz

 

Телеарна мәліметінше, 7 жасар қыздың туысқандары соңғы рет үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін өгей шешесі қыздың басын қабырғаға ұрғанын айтқан.

Олар осыған дейін туған әкесі қызға мүлде араша түспеді, дейді. «Қыз үлкен дәретін жіберіп қойған. Содан кейін, ол әйел қызды ваннаға кіргізіп, басын қабырғаға ұрған. Басы тесіліп, есінен танған. Сөйтіп, жерге бүкіл салмақпен құлаған. Сосын әкесіне «өлтіріп қойған сияқтымын» деп қоңырау шалған. Осыған дейін 4 ай бойы тоқтамай ұрып жүргенін кейіннен білдім», — деді қыздың туысқан әпкесі Екатерина Закураева. Телеарна дерегінше, оқиға 10 шілде күні болған. Қыздың әкесі бұл жерге қыркүйек айында көшіп келген. Әйелмен бірге соның үйінде алты ай тұрып, 7 жасар қызын наурызда әкелген. Жеткіншек сол уақыттан бастап осы сәтке дейін таяқ жеген дейді туысқандары. Көршілерінің сөзінше, өгей шешесімен қоса туған әкесі де қызын ұрып жүрген. «Менің балконымнан олардың терезесі көрінетін. Әкесі кішкентай қызға белбеумен ұмтылды. Содан кейін әйел жеткіншектің мойнынан ұстап, бөлмеге лақтырып жіберді. Байқұс қыз ұшып кетті. Кейін мен кішкентай қызды ауладан көрдім. Жақындап, үңіліп қарасам, қабағы жарылып, қолдары кесілген, мойнында ересек адамның алақанының ізі тұрды. Өзінен не болды деп сұрасам «ауладағы бала қылқындырды» деп айтады», — деді көршісі Ольга Берникова.

Телеарна ақпаратынша, марқұм болған қыз ер адамның бірінші әйелінен. Туысқандарының айтуынша, қыздың 10 айлығында туған анасы қашып кетіпті. Әжесі содан бері хабар жоқ екенін айтты. Анасыз қалған нәрестені әжесі қолына алып, 7 жасына дейін баққан. Алайда осыдан 4 ай бұрын әкесі инспекторлармен келіп, қызын алып кеткен көрінеді. «Өгей шешесі 4 ай бойы ұрып жүрген. Ал әкесі оған мүлде мән бермеген. Өзі де ұрыпты. Олар менен немеремді тығып жүрді. Мен полицейлерге арыз жазғанмын. Бірақ ешкім қабылдамады. Прокуратураға да бардым. Түк шықпады», — дейді қыздың әжесі Елена Закураева.

Телеарнаға сұхбат берген марқұм қыздың әкесі ұрмадым-соқпадым дегенді айтқан. «Аулада жұмыс істеп жүрген кезде ол маған хабарласып, қызды өлтіріп қойған сияқтымын деді. Үйге келіп, дәрігерлерді шақырдық. Негізі азаматтық некедегі әйелім қызымды жиі ұратын. Мен жұмысқа кеткен кезде қызым үлкен дәретін жіберіп қойса ұратын. Бірнеше рет қызым екеуіміз далада да түнегенбіз. Өзінен «не үшін ұрасың» деп сұрасам «енді тиіспеймін» деп айтатын», — деді қыздың әкесі.

Телеарна мәліметінше, полицейлер қызды өлтірді деген күдікпен өгей шешесін құрықтаған. Оған қатысты «адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалған. «Алматы қалалық полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасымен қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігімен тергеліп жатқанын хабарлайды. Күдікті – 1976 жылы туған Т. есімді азамат ұсталды және қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», — деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.