«Бейітіне бармаймын»: Асқар Жұмаділдаев марқұм әйелін есіне алып, жылап қалды
«Алғашқы» бағдарламасына қатысқан профессор Асқар Жұмаділдаев өткен өмірі жайлы сөз қозғап, өмірден өткен бұрынғы әйелі Құралай мен жастай кеткен ұлы Арман жайлы айтқанда көңілі босап, көзіне жас алды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Ішкі сырымен бөліскен академик әйелі Құралайға дұрыстап гүлде бере алмадым деп өкінішін айтты.
«Балалық қой, алдымызда не тұрғанын білмедік. Жалпы өзім ешкімге гүл бермеймін. Ешқандай той да тойламаймын, ешқайда бармаймын. Одан не өзгереді, онда не мағына? Қайғыратын болсаң, өзің қайғыр. Онда ешкімнің шаруасы жоқ. Мұңаясың ба, өзің мұңай ешкімге кедергі жасама. Менің қағидам осы. Мұның барлығы менің жүрегімде мәңгілік қалатын нәрселер. Марқұм әйелімнің басына бармаймын, өте ауыр», — деді Асқар Жұмаділдаев.
Жақындарынан айырылған сәтті профессор қалай өткергенін, күйзелісті қалай жеңе білгенін де айтып берді.
«Арман қайтқан соң жарты жылдан соң сұмдық бір қиял келді. Ұйқым келмей жүз парақтай өлең жазып тастадым. Мен жазған ең үлкен шығарма осы. Із қалсын деп жаздым, одан кейін жазбадым. Өмірімдегі ең қиын кезең осы болды. Үш айда қатты қиналдым, сосын қайғыға қарсы тұра білуді түсіндім», — деді академик.
Айта кетсек, профессордың алғашқы жары Құралай танымал ақын Тұманбай Молдағалиевтің қызы болған.