Біртұтас түркі әліпбиі қабылданды

Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде тарихи шешім қабылданып, бірыңғай түркі әліпбиі бекітілді, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz.
Латын графикасына негізделген жаңа жүйе 34 әріптен тұрады және барлық түркі тілдерінің ерекшелігін қамтиды.
ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевтің айтуынша, мақсат — ұлттық әліпбилерді алмастыру емес, халықтар арасындағы «ортақ түсіністік тілін» қалыптастыру. Ал Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан бұл бастаманы «әлемдегі 300 миллион түрікті жақындастыратын тарихи қадам» деп атады.
Сарапшылардың пікірінше, кеңестік кезеңде енгізілген кириллица түркі халықтарының мәдени байланысын әлсіреткен. Енді бірыңғай графика ортақ білім беру, мәдени және медиа жобаларды дамытуға жол ашады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімді «тарихи белес» деп атап, оны түркі әлемін біріктіретін маңызды қадам ретінде бағалады.
Біртұтас әліпби қабылдануы — кирилл дәуірінің аяқталып, түркі халықтарының жаңа бірлік пен жаңару кезеңіне қадам басқанын білдіреді.










