Біз Ростовты қоршап алып, Мәскеуге барамыз — Пригожин
Дондағы Ростов көшелерінде қарулы адамдар мен танктер пайда болды. Бірқатар дереккөздерге сәйкес, бұл Wagner PMC бөліктері. Қала әкімдігі тұрғындарды мүмкіндігінше үйлерінен шықпауға, көлікті пайдаланбауға шақыруда, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Біз Ростовты қоршап алып, Мәскеуге барамыз, — деді Евгений Пригожин Ростовтағы Оңтүстік әскери округінің штаб-пәтерінде Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Юнус-Бек Евкуров және Бас штаб бастығының орынбасары Владимир Алексеевпен кездесуінде.
Сондай-ақ, ол қаладағы барлық әскери нысандар, соның ішінде аэродром жалдамалылардың бақылауында екенін айтты.
Әзірге Ресей билігі бұл мәлімдемені ресми растаған жоқ. Бірақ, Дмитрий Песковтің баспасөз хатшысы ТАСС ақпарат агенттігіне айтқандай, Владимир Путин «жақын арада» үндеу жасауы керек.
Conflict Intelligence Team жобасының жетекшісі Руслан Левиев қалада вагнериттер емес, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері тұрғанын айтады. Бұл туралы да ведомство түсініктеме бермеді.
Белгілі болғандай, сенбі күні таңертең Воронежге қарай федералдық тас жолдың бойымен әскери техникалар кортежі жүріп келе жатқан. Жергілікті аймақтық билік тұрғындарды «жағдай бақылауда» деп сендіріп, сабыр сақтауды сұрады. Қаладағы барлық қоғамдық іс-шаралар тоқтатылды.
Ал, Мәскеу мэрі мәлімдегендей, қалада лаңкестікке қарсы шаралар жүргізілуде.
Жолдарда қосымша бақылау енгізілді. Бұқаралық шараларды өткізуді шектеуге болады, — деді Сергей Собянин тұрғындардан ақпаратқа түсіністікпен қарауды сұрап.
Еске салайық, жұма күні Пригожин Ресейдің Украинада жеңіліп жатқанын, елдің шығыны орасан екенін, майдандағы жағдай туралы президентті алдап жатқанын айтты. Ол барлық жауапкершілікті Қорғаныс министрлігінің басшылығына, жеке оның басшысы Сергей Шойгуға жүктеп, «Әділет маршының» басталғанын жариялады. Кейін Бас прокуратура Евгений Пригожинге қарсы қарулы көтеріліске шақыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.