«Дәрімова ісі». «Күйеуіңді, балаңды не әкеңді ертіп әкетуім мүмкін» деген керекулік депутат жайлы не білеміз?
Ұлттық ақпарат кеңістігінде Павлодар қаласы мәслихатының депутаты Гүлжайна Дәрімованың «ескі» видео-үндеуіне қатысты ақпарат тарады. Видеодағы тақырып ауаны, әңгіме желісі қазақстандықтардың қытығына тиіп, көпшілікті бей-жай қалдырмады. Кейіннен депутат өзінің видеосы жайлы түсіндіріп, қызметтік тұлғасы жайлы айтып берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайда Дәрімоваға қатысты видеоны блогер Жан Ахмадиев бөлісті. Видеодағы әңгіме желісінде қоғам берсендісі өзіне қарата «не болса соны жазған» қыз-келіншектерге ескерту жасап, «Күйеуін, баласын не әкесін ертіп әкетуі мүмкін» екендігін айтады. Оларды сақ болуға шақырады.
Видео 2022 жылдың 10 желтоқсанында жарияланған. Қоғам белсендісі Гүлжайна Дәрімова 2023 жылдың 25 наурызы күні қалалық мәслихатқа депутат болып сайланды. Екі оқиғаның арасы — 4 ай.
Желіде желдей ескен видео ақпарат арналары арқылы тұтас қазақстандықтардың «құлағына шалынып», қоғамдық пікір тудырды. Дегенмен депутаттың өзі арнайы мәлімдеме жасап, кезінде әзіл ретінде түсірген видеосына қатысты еш алаңдамайтынын жеткізді. Мәлімдемесінің мәніне зер салсақ, депутаттың қаңқу сөзге емес, жерлестеріне арқа сүйейтіндігі аңдалады.
Жаңсақ пікір қалыптасқанын қаламайтын депутат…
Гүлжайна Дәрімова өзіне қатысты көзқарастың жалған даурығуға емес, атқарған қызметіне қарай қалыптасқанын қалайды.
«Безек қаққан телефонға маза жоқ. Барлығы менің мұндай видео салғаныма таңырқап жатыр. Бірақ сіздер бұл видеоны бір жыл бұрын жариялағанымды жақсы білесіздер емес пе? Ол кезде депутат емес едім. Әзіл ретінде reels (Instagram форматы) түсіре салғанмын. Мені ар-ұяттан безген әйел ретінде көрсеткісі келетіндерге қайраңмын. Бірақ менің қандай екенімді сіздер жақсы білесіздер ғой. Мен тіпті ешбір партияның мүшесі де емеспін. Бұл қағытпа видеоны ертеде салғанмын. Қандай болмасын, жарнаманың аты — жарнама. Менің мұны шыбын шаққан құрлы елемейтінімді білесіздер. Егер маған екі қойың бір сом болса, сіздерге сол күлкілі болсын», — дейді Дәрімова.
Қала депутатына қатысты интернеттен ақпар сүзсек, оның жерлестеріне жанашырлық көрсеткеніне, медицина сапасы мен қала тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына алаңдайтынына қатысты деректер қарсы алдымыздан шығады. Қатерлі ісіктің төртінші деңгейіне шалдығып, бірақ туғандарының үй алғанын естіп барып көз жұмған жерлесіне жылу жинап, оның отбасын үймен қамтамасыз еткендігі жайлы өзі былай дейді.
“Көңілі жай тауып кетті. Біз үлгердік. Жаның тыныш болсын, Настя”.
Еске сала кетейік, депутат бұдан бұрын қоғам белсендісі ретінде науқас әйелдің анасы мен балалары үшін пәтерге қаражат жинауды ұйымдастырған. Сонымен қатар, жақында обыр ауруларын емдеуде қаражатты сыртқа шашпай, Отандық медицинаны дамытуға көңіл бөліну қажет екендігі жайлы бастама көтерген.
Дәрімова ісі: Қазақстандықтарға үндеу
Мәслихат депутаты әлеуметтік желі парақшасында жасөспірімдер арасындағы булинг, мемлекеттік сатып алу, адам құқықтарының өрескел бұзылуы, балаларға арналған алаңдарды, бақтарды абаттандыру, денсаулық саласының мәселелері, тамырын кеңге жайған қаржы пирамидасымен күресу сынды тақырыптарды көтеріп, жергілікті халықпен тығыз байланыс орнатқан.
Туған қаласының көркейіп, әлеуетінің артуы үшін күресіп етіп жүрген Гүлжайна Дәрімова қазақстандықтардың желбуаз жаңалықтың жетегінде кетіп, қате түсініп қалмағанын қалайды.
«Қазақстан азаматтарына, басшылық қызметтегіні талап жеуге асық барлық журналистерге қарата үндеу жолдағым келеді. Керекуліктер менің жайымды жақсы біледі. Сабырға келейік. Атышулы видеоны мені қараламақ болғандарға қалжың ретінде бұрындары түсіре салған едім. Менің парақшама көз жүгіртсеңіздер, мен жайлы бәрі айқындалады. Мен Керекудегі ең белсенді, қоғаммен бірге жасап келе жатқан депутатпын. Егер мені сайлаған халық менен қайта бас тартса, орнымды босатуға дайынмын. Сіздерге емес, менің дауыс берушілерімнің еркіне қалдырдым. Барлығыңызға деген махаббатым шексіз», — деді депутат.
Орайы келгенде айта кетейік, ұлттық ақпарат кеңістігінде тараған видеоға қатысты Кереку қаласы мәслихатының төрағасы Қобланбек Қожин былай деп пікір білдірді.
— Мен де аталмыш видеоны көрдім. Оны Дәрімова сайлауға дейін таспалаған. Кейінгі қызметінде абақ-cабақ видео жариялағанын көрген емеспін. Оның айтып отырған сөзінің жаны бар. Мінезді қыз болса да, өз қызметін адал атқарып жүр. Қоғамдық өмірде белсенді» — деді Қобланбек Қожин.
Мұнымен қоса алғанда, мәслихат төрағасы «Дәрімова» ісіне қатысты қандай қадамдарға баратынын баяндады.
«Егер қоғам қояр да қоймай қажетті шараның қолға алынғанын талап етсе, біздің тек ескерту жасауға ғана құқымыз бар. Ал кінәсі толық дәлелденген жағдайда ол кешірім сұрауы тиіс. Мұның бәрі жалпы жиында қаралып, талқыланатын болады», — деді мәслихат төрағасы.
Бұдан байқайтынымыз, мәслихат төрағасы да, депутаттың өзі де, даулы оқиғағаның «нүктесін» қоюды сайлаушыларға тапсырады.
Гүлжайда Дәрімова, өзі хабарлағандай, ешқандай да партияның құрамында жоқ. Ол Кереку қаласы, 8-округтен сайланған. Өзінің айтуынша, басты мақсаты — әлеуметтік қызметкерлердің мүддесін қорғау, ресми қоғам белсендісі атанып, қала өмірін жақсартуға араласу.