«Денесін көріп шошыған»: Марқұм Салтанат Нүкенованың әпкесі сұмдық жайтпен бөлісті
Марқұмның туысқаны Самал Нүкенова сіңілісінің денесінен көгерген жерлерін бұрын да байқағанын және оған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевпен қарым-қатынасын үзуге кеңес бергенін айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
«Бір нәрсені айта аламын: ол (Бишімбаев – еск.) құбыжық, жауыз. Адамдар бұндай қатыгез болады деп тіпті ойламаппын. Салтанаттың денесін алған кезде оны көргендердің бәрі шошып кетті. Олардың түрін көрсеңіздер ғой», – дейді Нүкенова.
Самалдың айтуынша, ол былтыр сіңілісінің ұзатуына қатысқан, желтоқсанда Астанада той өткен. Бұл ретте олардың қарым-қатынасын керемет деп атауға болмайды, Самалдың айтуынша, Қуандық үнемі қол көтеріп жүрген.
«Ол бірнеше рет құрбыларына оның тарапынан ұрып-соғу болғанына шағымданған. Біз денесі көгеріп жүргенін өзіміз көрдік. Қыркүйектің аяғында отбасылық іс-шара өткіздік. Салтанат күртеше киіп келді, оның ішінде қысқа жеңді жейде болды. Ол күртешесін шешкенде, оның қолында көгерген жерлерді көрдік. Не болды деп сұрағанымызда тез күртешесін қайта киіп, ол массаждан екенін айтты… Жалпы, ол (Бишімбаев – еск.) тиран екенін айтып, бірнеше рет одан кетпек болды. Салтанат күйеуі оны ешқайда жібермейтінін, үнемі бақылап жүргенін айтатын, тіпті кофе ішу үшін бізбен себепсіз кездесе алмайтын. Біз оның кетуін қолдайтынбыз, бірақ ол қайтару үшін бәрін жасайды», — деді марқұмның туысы.
Самалдың айтуынша, Салтанат пен күйеуі қайғылы оқиға болған мейрамханада бірнеше рет болған. Қыз бұл мекеменің кімге тиесілі екенін анық білмейтінін, бірақ «Бишімбаев онда өзін қожайындай сезінетінін» айтады.
«Ол үнемі барып тұратын. Салтанат екеуі осы мейрамханада бірге отырған», — деді Самал.
Сондай-ақ, Нүкенованың айтуынша, Бишімбаевтың туыстары жерлеу рәсіміне қатысқан, бірақ кешірім сұрамаған. Алайда олардың отбасы Қуандықты кешіруге ниетті емес.
«Иә, олар жерлеуге келді. Салтанаттың анасымен сөйлестім, ол кешірім сұрау болмағанын айтты. Бірақ болған күннің өзінде біз оларды қабылдамаймыз. Көп нәрсені кешіруге болады, бірақ мұндайды емес. Оның үстіне ешқандай кешірім туралы әңгіме болуы мүмкін емес», — деп қосты марқұмның әпкесі.