Димаш Құдайберген АҚШ-тың басты сахнасына шыққан алғашқы қазақстандық

5 қазан күні Димаш Құдайберген әлемдегі ең беделді концерт залдарының бірі — Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында жеке концерт өткізді. Бұл кеш аншлагпен өтті және оның Stranger атты әлемдік турының бастамасы болды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Бағдарламада SOS d’un terrien en détresse, The Story of One Sky, сондай-ақ Love’s Not Over Yet секілді хит әндер орындалды. Соңғысы «Грэмми» иегері Уолтер Афанасьеффпен бірлесіп жазылған. Көрермендердің ерекше ықыласына ие болған Stranger композициясы қазақтың қобызымен және виолончельмен (орындаушы — Хаузер) сүйемелденді.

Димаш бұл концертті жеке жетістік қана емес, сонымен қатар Еуразия мәдениеті үшін маңызды оқиға деп атап өтті. Ол өзін әлемдік сахнада Қазақстанның мәдени елшісі ретінде таныстырды.

Stranger туры алғаш рет 2022 жылы Алматыда басталып, содан бері жаңа тректермен және халықаралық жобалармен толықтырылып келеді. Бұған қоса, Димаштың The Diva Dance композициясы 2026 жылғы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың нөмірінде орындалатыны белгілі болды.

Altyn-orda.kz