Дипломатия алаңында: Қазақстан мен Черногория екіжақты байланыстарды нығайтты

Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория басшысы Яков Милатович кездесті. Тараптар саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
Тоқаев Черногорияны Балқан аймағындағы маңызды серіктес деп атады. Өз кезегінде Милатович Қазақстанға екіжақты диалогты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Келер жылы Қазақстан мен Черногория арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толады. Осы уақыт ішінде тұрақты байланыстар қалыптасып, туризм өсіп келеді. Алматы–Подгорица әуе рейстері мен визасыз режим қазақстандық туристер легін арттырды.
Нью-Йоркке сапар барысында Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштамен және Украина көшбасшысы Владимир Зеленскиймен кездесті. Зеленскиймен әңгімеде Қазақстан Президенті Украинадағы қақтығысты тоқтату үшін дипломатиялық күш-жігерді жалғастыру қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, Тоқаев ФИФА басшысы Джанни Инфантиноумен кездесіп, спорт саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
Altyn-orda.kz
