Егер сен Ресеймен көршілес ел болсаң, онда саған қауіп төніп тұр — Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен шекараласатын елдердің бәріне қауіп төніп тұрғанын айтты. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Зеленский Украинаның НАТО-ға мүшелікке қол жеткізгісі келетінін Киевтің Ресейге шабуыл жасау жоспарымен емес, өзін оның жаңа ықтимал агрессиясынан қорғау ниетімен байланысты екенін атап өтті.
“Егер сен Ресеймен көршілес ел болсаң, онда саған қауіп төніп тұр. Егер сен Ресеймен көршілес ел болсаң, онда сенің НАТО құрамында болғаның дұрыс”, – дейді Зеленский басылымға берген сұхбатында.
Зеленский сонымен қоса НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергтің шілдеде Вильнюсте өтетін альянс саммитінде Украинаның НАТО-ға қосылуға шақыру алмайтыны туралы мәлімдемесіне алғаш рет түсініктеме берді.
“Көңіл қалдырарлық жауап… Тыңдаңыздар, біздің аяғымыздың астында тұрған іргетасты құлатпаңыздар. Бізге берілген шақыру – сол іргетас. Қалай болғанда да, бұл техникалық шақыру және бұл ертең НАТО-да боламыз дегенді білдірмейді. Бірақ Украина халқы болашақта НАТО құрамында болатынын, серіктес елдер шын мәнінде қару-жарақ жеткізіп қана қоймай, сонымен бірге бізді болашақта көретін серіктес және дос екенін білуі маңызды”, – дейді Украина президенті.