Екібастұз ЖЭО-ға 1,1 млн теңге айыппұл салынды
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ға 1,1 млн теңгеге айыппұл салынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Технологиялық бұзушылықтың себебін анықтау үшін Екібастұз ЖЭО-да екі комиссия құрылды. Оның біріншісі ЖЭО-дағы, екіншісі жылу желілеріндегі бұзушылықтарды тексерді. Атом және энергетикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментінің басшысы Ринат Кәкімжановтың айтуынша, Екібастұз ЖЭО-да технологиялық бұзушылықтың себебі: химиялық цех персоналы қоректендіру сорғыларын қате қосқан. Ал персоналдың аталған сорғыны қосуына импульстік желінің қатып қалуынан жылу желісінің кері құбырындағы қысымды көрсететін электрконтактілі манометрдің дұрыс көрсетпеуі себеп болған. «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС жауапқа бірнеше рет тартылды.
Алдымен, Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша жазаланды. Атап айтқанда, 300-бабымен — электр станциялары мен желілерін техникалық пайдаланудың бекітілген ережелерін; электр станциялары мен жылу желілерінің жылу механикалық жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасын; тұтынушылардың электр қондырғыларының техникалық эксплуатациясын; энергия тұтынудың белгіленген режимдерін бұзғаны үшін. 301-2-ші бабымен – технологиялық бұзушылықтар туралы ақпарат беру туралы талаптарды бұзғаны үшін.
Осыдан кейін ЖШС жоспардан тыс тексеру кезінде жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 300-бабы – «Жылу желілерін техникалық эксплуатациялаудың бекітілген ережелерін бұзғаны» үшін айыппұл арқалады.
Істер қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралды. Салынған айыппұлдар сомасы 1 110 750 теңгені құрады.
Еске сала кетейік, өткен жылы 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.