Екібастұзда барлық көпқабатты үйлердің жертөлесіне жылу берілді – Олег Крук
Павлодар облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Олег Крук Екібастұзда барлық көпқабатты үйлердің жертөлесіне жылу берілгенін мәлімдеді. Дегенмен әлі 70 жеке үй жылу жүйесіне қосылған жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, үйлерге жылу берілгенімен, пәтерлерді жылу батареяларын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан тұрғындардың барлығы жылумен қамтылмаған.
«Қазір барлық үйлердің жертөлесіне жылу берілді. Квартал ішілік желі қалпына келтірілді. Тікқұбырлар мен жылу батареялары қалпына келтіріліп жатыр. Өкінішке орай пәтер иелері кооперативі жылу жүйесіндегі суды дұрыс ағызбағандықтан, көптеген тікқұбырлар мен батареяларды алмастыруға тура келеді. Себебі жылу жүйесі қатып қалған», – деді Олег Крук.
Қазір әр үй жеке кәсіпорынға бекітілген. Ал жұмысшылар бригадасы әлеуметтік нысандар мен жанармай жүйесін жөндеп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Димаш Құдайбергеннің Екібастұздағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, апатқа кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткені жайлы хабарлаған едік.
Еске салайық, 27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы 30 градустық аязда жылу электр орталығындағы қазандықтардың тоқтап қалуына байланысты жылусыз қалған болатын. 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі енгізілді. Дәл осы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған.
Кейіннен жылу электр орталығындағы апатқа қатысты тергеу басталғаны белгілі болды. Апатты жою үшін Астана мен тағы үш қаладан мамандарды жіберу туралы шешім қабылданды. Премьер-министр Әлихан Смайылов осы апатқа байланысты Қазақстан өңірлеріндегі энергетика нысандарына толық техникалық аудит жүргізуді тапсырды.
30 қарашада мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Александр Клебановтың Екібастұз жылу-электр орталығын 1 теңгеге мемлекетке сатуға әзір екенін мәлімдеген.
“Ол нысанды мемлекет меншігіне 1 теңгеге беруге дайын екенін мәлімдеді. Біз бұлай болмайтынын айттық. Нысанды меншігіне алған кездегі тозу деңгейі мен қазіргі тозу деңгейін салыстырып, айырмашылықты төлеу керегін жеткіздік. Екіншіден, ол Екібастұз тұрғындарына моральдық өтемақы төлеуі керек», – деген ол.
Сол күні Екібастұз қаласының жылу-электр орталығында (ЖЭС)болған апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Павлодар облысы прокурорының жеке бақылауына алынған.
Сонымен қоса премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұз тұрғындарына келтірілген шығындарды Орталық-Азия Электроэнергетикалық корпорациясының иелері төлейтінін айтқан.
1 желтоқсанда Роман Скляр Екібастұзда болған ірі коммуналдық апаттың алдын ала себебін атаған. Ол жылу желілерінің бұзылуына станция қызметкерлерінің қате әрекеті себеп болғанын айтқан еді.