ЭКСПО аумағы қаңырап бос жатыр — Тоқаев

Астананы дамытуға арналған кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев қаңырап бос жатқан ЭКСПО көрмесінің аумағын жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруды тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекет басшысының сөзінше, Астанада саябақтар жетіспейді. Қала әкімдігі бос тұрған жерге үй салып, құрылысқа рұқсат береді. Сондықтан, қаланы жоспарлаған кезде алдын ала барлығы ойластыру қажет екенін айтты. 

“Қазір Есілдің жағасына дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, көрші елдегі Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсатымыз – Елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту», — деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қаңырап бос жатқан ЭКСПО аумағын жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруды тапсырды.

«Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бір де бір көше салынған жоқ. Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек. Білікті мамандарды тартып, оңтайлы шешім қабылдауға болады. Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр. Шын мәнінде, оған жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады. Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн. Нысандарды жобалау және салу кезінде осы тұжырымдамаға сүйену қажеттігі заңды түрде бекітілуге тиіс», — деді президент.