Елді күшейте түсу Тоқаевтың қолынан келетініне еш күмән келтірмейміз — қоғамдық бірлестік
Бұл күндері әлемде жалпыжаһандық жойқын жаңғырулар болып жатқаны жасырын емес. Шынтуайтында, Үшінші Дүниежүзілік соғыс жүріп жатыр десе де болады. Украина аспанын ыдырау мен ымырасыз құлдықтың қара бұлты торлап тұр. Жүз мыңдаған босқындар үмітсіздіктен Ресейді тастай қашып, шартарапқа шашырап, үдере көшуде. Әлемдік тәртіп пен халықаралық теңгерім түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Жер-жаһан мұздай құрсанып, жаппай қаруланудан жарыс жүріп жатқан жайы бар. Күні кешегі үйреншікті үйлесімдеріміз бен қалаулы құндылықтарымыз қатыгез сынақтардың құрсауында қалды. Теледидарлардың көгілдір айналары мен компьютерлердің мөлдір мониторлары күннен күнге түнере түсіп, өртке оранған ұшақтар мен танк қаңқаларын, тас-талқаны шыққан үй-жайлар мен ғимараттардың үйінділерін, ажал құшқан украин және ресей жауынгерлерін көрсетуде. Әлбетте, бұл бүгінгі әлемнің ешбір әсірелеусіз бет-бейнесі.
Тап қазір Қазақстан да аса күрделі таңдаудың алдында тұр. Таразы басында, бүгінгі уақыт талқысының уысында біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы бар. Еліміздің ертеңінің де алдағы президент сайлауында кімді таңдауымызбен тікелей байланысты екені анық. Билік басына танауынан әрідегіге танымы жетпейтін мың құбылған сумақайлар мен алаяқтар, қызыл сөзді қымыздай сапырған сөзуарлар мен желбуаз ділмарлар келсе, бар халқымыз үшін стратегиялық үлкен ұтылысқа ұрыну, барша қазақ пен бүкіл қазақстандықтардың біржола жеңіліс табуы болмақ.
Бұл жағдайды біздің «Азамат – Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігі жақсы түсініп, болашақты ақылмен бағамдап отыр.
Сондықтан да алдағы президент сайлауының қарсаңында біз Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қолдау білдіреміз. Оның орасан зор тәжірибесін біліп, тұлғалық тереңдігін танығандықтан да осындай шешімге тоқтадық.
Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев – алты тіл меңгерген майталман, тамаша дипломат. Ол бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары лауазымында болған бірегей жады мен энциклопедиялық білімнің иесі ғана емес, қарапайым халықтың шын жанашыры, Ел мүддесі үшін еңбек сіңіріп жүрген ерен саясаткер.
Ол – беймаза шақта Қазақстан мемлекеттігінің кемесін тулаған теңіздердің бейберекет толқындарынан жайлы ағыстарға алып шығуға қарымы мен қауқары жететін, жаймашуақ жағалауларға бастауға қабілетті қайраткер.
«Азамат – Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігі өз үміткері Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барынша қолдау көрсетіп, оның Елдегі саяси реформаларды іске асырып, жемқорлықпен күрес жүргізуіне және көпвекторлы сыртқы саясат бағытын ары қарай дамытуына күш қосуға даяр.
Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін болып көрмеген, енді ғана тарих сахнасына шығып тұрған қазіргі алмағайыптар кезеңінде Қазақстан халқы үшін сыртқы саясатта дұрыс таңдау жасап, алыс һәм жақын көршілерімізбен стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық байланыстардың алтын көпірлерін қалыптастыруға ұмтылу аса маңызды екені дау тудыра қоймас. Біз сыртқы саясаттағы осынау дүдәмал дүрбелеңдерден мейлінше аз шығынмен, мүмкіндігінше мол табыспен шығуға тырысып бағуымыз керек. Жаратушы Иеміз алқалап, әлемдік саяси ахуалдың өзі Қазақстанның посткеңестік кеңістікте дәргейлі дәулетке айналып, гүлденген де дамыған мемлекет болуына сирек мүмкіндікті ұсынып тұрғандай. Біз болсақ, Қазақстанның мемлекеттігін нығайтып, Елді күшейте түсу Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан келетініне еш күмән келтірмейміз және сарабдал саясаттың сардарына үлкен сенім артамыз.
«Азамат – Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің атынан және аманаттауы бойынша
Бірлестік Төрағасы Серік Малеев
Қазақстан Республикасының Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов
Кинорежиссер Талғат Жәнібеков
Кәсіпкер Виктор Долгалев.