«Еліміз жойылуға жақын»: Саакашвили Грузия тәуелсіздігінен толық айырылуы мүмкін екенін айтты

Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили елі тәуелсіздігінен толық айырылып, жойылуға жақын тұрғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Грузия-онлайн” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Экс-президенттің сөзінше, дәл қазір Грузия халқы үшін ең басты керек нәрсе – бірлік. 

«Дәл қазір бізге керегі – бірлік. Олар партиялық келіспеушілік туралы сөз қозғай бастағанда, үмітімді үземін. Достар, қазір партиялық келіспеушіліктерге уақыт жоғалтатын кез емес. Біз елді жоғалтып жатырмыз, Грузия өліп жатыр. Бұлай жүре берсек, Грузия бұдан былай әлем картасында болмайды. Сол уақыт туғанда сіздің кештеріңіз бен бағдарламаларыңызды кім есіне алады?» – деді Саакашвили.

Экс-президенттің сөзінше, биліктегілер болашаққа апаратын барлық жолды жабуды көздеп отыр. 

“Елді бірлікке шақырамын… Бәріміз Грузияның дауысы бүкіл әлемге естілетініне көз жеткізуіміз керек. Өйткені әлем Грузияға таңданыспен қарайды. Біз неғұрлым белсенді болсақ, соғұрлым бізге қолдау көрсетіледі. Бізге елде тыныштық орнату керек деп айтты. Елді тыныштандыру – диктатураның жаңа анықтамасы. Қарақшылар елді басып алды. Олар «елді тыныштандыруды», яғни Грузия мен оның әрбір тұрғынының дауысын естіртпей, болашаққа апаратын барлық жолдарды жабуды көздеп отыр», – деді Саакашвили.

Саясаткердің айтуынша, «еркіндік болмаса, ештеңенің мәні жоқ».

«2008 жылы Ресей Тбилиси қақпасының алдында тұрғанда мен әлдеқайда сабырлы болдым және Грузияның тәуелсіздігіне ешкімнің қауіп төндірмейтініне сенімді болдым. Өйткені грузин халқы біртұтас және бүкіл әлем бізді қолдады. Ал дәл қазір біздің тәуелсіздігіміз уысымыздан шығып барады. Қазір тәуелсіздік туын жас ұрпақ өз қолына алды. 2013 жылы президент ретінде сөйлеген сөзімде мен соңғы сөзді осы ұрпақ айтады деп болжаған едім. Оның басты артықшылығы неде – бұл жастар тәуелсіз Грузияда олардың үлесі қандай болатынын сұрамайды, олар Грузия бар ма, Грузия қайда болады деп сұрайды. Олар өздерінің мансабы және басқа да жеке өзімшіл пікірлері туралы ұсақ-түйек емес. Өйткені еркіндік болса, әркімге мүмкіндік болады, егер бостандық болмаса, ештеңенің мәні жоқ», – деді Саакашвили.

Айта кетейік, бұған дейін Грузия президенті Саломе Зурабишвили парламент үш оқылымда қабылдаған «шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заңға вето қойғанын мәлімдеген еді. Ол Ресейдің «шетелдік агенттер» туралы репрессиялық заңнамасымен салыстырылып жүрген бұл заңның енуіне жол бермеу керек екенін жеткізген еді.