Елімізде 2030 жылға дейін төрт газ өңдеу зауыты іске қосылады

Қазақстанда 2026-2030 жылдар аралығында төрт газ өңдеу зауытын кезең-кезеңімен іске қосу басталады. Өндіріс көлемін 1,6 есеге арттыру жоспарланған. Бұл жөнінде үкіметке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды. 

Энергетика министрлігінің болжамды балансына сәйкес, Қазақстанда тауар газ өндіру көлемі тұрақты өседі: 2023 жылғы 22,5 млрд м3-ден 2030 жылға қарай 36,6 млрд м3-ге дейін. Өндіріс көлемін 1,6 есеге арттыруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту шеңберінде QazaqGaz бен Chevron арасында Ақтөбе облысындағы Жәлібек учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп іске асыру туралы келісімге қол қойылды», — делінген ведомство хабарламасында.

Тауар газдың ресурстық базасын ұлғайту Жол картасына сәйкес іске асырылып жатыр.

Жол картасын іске асыру аясында 2023 жылы Рожковское, Шығыс Өріктау, Анабай кен орындары өнеркәсіптік пайдалануға берілді.

2026-2030 жылдар аралығында төрт газ өңдеу зауытын кезең-кезеңімен іске қосу басталады: Қашаған кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 1 және 2,5 млрд м3 2 зауыт;

Қарашығанақ кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 4 млрд м3; Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн м3 болатын газ өңдеу зауытын салу.