Елімізде әйелдер вагоны тағы үш бағытқа қатынайтын болды

Елімізде әйелдер вагонына сұраныстың артуына байланысты жаңадан тағы үш бағыт қосылады. Бұл туралы «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы өзінің ресми сайтында хабарлады. «Әйелдер вагондарына сұраныстың артуына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ қозғалыс географиясын кеңейтуді жалғастыруда.

Мұндай вагондар №3/4 «Астана – Алматы», №33/34 «Алматы – Ақтөбе» және №71/72 «Астана – Шымкент» бағытындағы үш пойыздың құрамына енгізіледі», – делінген ҚТЖ хабарламасында. Айта кетейік, мұндай қызмет түрі елімізде пилоттық режимде 2021 жылы енгізілген болатын. Әйелдер вагондарындағы қозғалыс жайлылығын бірінші болып №77/78 «Алматы – Маңғыстау» және №351/352 «Алматы – Өскемен» пойыздарының жолаушылары бағалады.

Ал 2022 жылдың ақпан айынан бастап компания әйелдер вагондарының санын арттырды. Олар №37/38 «Маңғыстау – Семей», №47/48 «Астана – Атырау» және №45/46 «Павлодар – Түркістан» пойыздарының құрамында жүре бастады.

kaz.nur.kz