«Елімізге қатер төндіру анық байқалуда»: Құл-Мұхаммед Соловьевтің шоуындағы пікірлерге жауап берді

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресей мемлекеттік арнасындағы Қазақстанға қатысты айтылған пікірлерге жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Соловьев әлемнің көптеген елінде бұрыннан нон-грата саналатын адам болатын және қазір бүкіл жердегі санкциялық қара тізімдерде көш бастап келеді. Сондықтан ыза-кектің буынан ол елдің бәріне жармасып улы сілекейін шашып жүр. Бұрын «Россия-1» арнасында ол Алматыға бомба «тастап жіберу» туралы да айтқан болатын. Бағдарламаның қонағы — Дума депутаты Онищенко да одан қатты шошынып қалған еді. Баршаға деген жек көрушілік кесірінен ол көбінесе өзеуреп, өзі сөйлейді және бағдарламаның меймандарын жанжал мен арандатуға итермелейді. Оның бәрі тікелей эфирде және есуас кейпінде болады», — деп атап өтті комитет басшысы. Құл-Мұхаммед ресейлік саясаттанушының айтқан сөзінен елге қатер төндіру байқалатынын атап өтті. «Ресейлік саясаттанушы Дробницкийдің «келесі мәселе Қазақстан болуы мүмкін. Өйткені ұлтшылдық үрдістері сол жерде де басталуы ықтимал» деген сөзінен біздің елімізге тікелей қатер төндіретіні анық байқалып отыр. Егер ол Еуразиялық экономикалық одақ пен ҰҚШҰ-да бізбен бірге тұрған өзімізге дос Ресейдің мемлекеттік арнасының эфирінде көрсетілмесе, дүдәмал сарапшы-фантаст Дробницкий-Жуковтың пікіріне назар аудармас едік. Ресейлік саясаткерлердің осындай екпінді, мақсатты шабуылдары Соловьевтің шоуында бұрыннан жүйелі түрде жалғасып келе жатқандықтан, олар Ресей федерациясының федералды билігі тарапынан объективті жауапқа лайық. Қазақстан 30 жылдан астам уақыт бойы тәуелсіз мемлекет болып келеді. Соловьев пен сол секілді саясаткерлер шынайы шындықты түсініп, жаңа геосаяси ақиқатпен санасуды үйренетін уақыт келді», — деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов және еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко осы мәселеге қатысты пікір білдірген еді.

kaz.nur.kz