Елордада алғаш рет киіз үй құрудың шеберлік сағаты өтті

Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатымен Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің бастамасымен алғаш рет елордада «АСЫЛ МҰРА – КИІЗ ҮЙ» деген атаумен киіз үй құру бойынша шеберлік сағаты өтті.       

«Өндіріс» тұрғын алабындағы №49 мектепте ұйымдастырылған шеберлік сағаты барысында белгілі этнограф Ақеділ Тойшанұлы мектеп оқушылары мен жастарға киіз үйді тігу техникасы мен ерекшеліктерін айтып берді. Сондай-ақ, оны қалай дұрыс тұрғызу жолдарына жеке-жеке тоқталып, жастарға егжей-тегжейлі түсіндірді. Жастар киіз үйдің теориялық құрылымы жайында таныстырылымын тыңдап, шағырағы мен керегесін көтеру барысын өз көздерімен көрді.

Шыны керек, қазіргі технология, цифровизация дамыған заманда өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпақ ата-бабадан қалған мұралар жайында көп біле бермеуі таң қаларлық жағдай емес. Алайда адамға жас қосылған сайын әрі болашаққа нық сеніммен қадам басу үшін арғы тегіңді, түп-тамырыңды, ата кәсіпті, олардан бізге қалған мұралар мен құндылықтарды білу қажеттілігі алдыңнан шыға келеді.

Сондықтан ертеңгі күні ұрпақ тәрбиесінде әттеген-айымыз болмас үшін ұлттық негіздегі іс-шаралардың маңызы зор.

Аталған рухани-танымдық бастаманы қолдап келген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Досымжан Таңатаров тірі мысал ретінде өзінің де киіз үйде туып-өскендігі жайында сыр шертті.     

«Мұнда қонақ болғаннан бұрын, қолдаушы ретінде келіп тұрмын. Бұл жақсы бастама. Қазақ үйдің құрылуы қаладағы балалар үшін таптырмас нәрсе. Олардың мұны көріп, біліп өскені дұрыс. Өзім де осындай қазақ үйінің ішінде дүниеге келдім. Әке-шешем қойшы болды. Өсіп-жетілуімнің барлығы сонда өтті.

Сондықтан мына қазақ үйінің құрылуы менің көңіліме ыстық ұялатып отыр. Бұл дегеніміз үлкен өнеге, өнер әрі үлкен той. Біраздан бері күтіп жүрген Наурыз мейрамын екі күн ғана өткізу жеткіліксіздеу деп тәуелсіздік алған жылдың барлығында айтып жүргенбіз. Ал биыл мемлекет басшысының қолдауымен 10 күн бойы тойланатын болды. 14 наурызда амал күні өтсе, кеше қалада қайырымдылық жасалды. Бүгін, міне, cалт-дәстүрге негізделген іс-шаралардың күні өтіп жатыр. Өзім де киіз үй құруды білемін.

Арнайы іздеп жүріп, Қызылордаға келген қандас кісілерден өздерінде артық киіз үйі бар екенін біліп, солардан сатып алғанмын. Ауылдағы әкемнің үйіне апарып, жыл сайын жаз кезінде құрамыз», ‒ дейді әнші.  

          Этнограф Ақеділ Тойшанұлының айтуынша, киіз үйдің кереметтігі – көшпенділердің жылжымалы баспанасы. Кезінде батыр бабаларымыз атқа мініп, түйеге осындай киіз үйін артып, жайлаудан жаулауға, қыстаудан қыстауға – төрт мезгіл уақыт көшіп жүрген. Бұл өте ыңғайлы болды және кең байтақ жерімізді иеленуімізге осы көшіп-қонып жүру салтының септігі тиген.

«Отауды құру – Отанымызды құрумен пара-пар. Алғашқы киіз үйді Оғыз хан жасаған. Мұны Мәшһүр Жүсіп атамыз айтып кетті. Білесіздер, қазақтар ешқашан үйіне құлып қоймаған, кілт салмаған. Себебі ұрлық болмаған, халқымыз ешкімнің ала жібін аттамаған. Неліктен? Ар-намыс болған, ұят деген түсінік бар.

Біреудің ақысын жеу, рұқсатсыз бір тал сіріңкесін алу да арға сын саналған. Сәйкесінше, үйдің есігі ашық тұра берген, тек ит кірмес үшін ергенек қойған», ‒ деп түсіндірді оқушыларға.

Қазақтың әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін, салт-дәстүрі туралы көптеген ғибратты әңгіме айтқан этнографқа оқушылар қазіргі таңда киіз үйді қолдану керек пе, оның пайдасы қандай деген сынды сұрақтар қойды. Салтымыз ретінде жазда қолдануға және елімізге туристерді тартуға маңызы зор дүние деген жауап алды. Себебі сол арқылы ұлттық дәстүріміз қалыптаса бермек.  

          Сонымен қатар, Ақеділ Тойшанұлы сандық, қалқан, шоқпар, қобыз, торсық, алаша ши деген ұлттық заттарды таныстырып, мұның бәрінің пайдалану мақсаттары жайлы мағлұмат берсе, әнші Досымжан Таңатаров әннен шашу шашып, өнерпаз балалар домбыра үнін күмбірлетті. 

 

Гүлжайна Бекмырза