Еңбек министрлігі қазақстандықтардың орташа зейнетақы мөлшерін жариялады

2025 жылдың басынан бері Қазақстанның республикалық бюджетінен 694,7 млрд теңге көлемінде зейнетақы төленді. Оның ішінде 224,5 млрд теңге базалық зейнетақыға, ал 470,2 млрд теңге ынтымақты зейнетақыға бағытталды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Зейнетақының орташа мөлшері

2025 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша, елдегі зейнеткерлер саны 2 млн 455 мың адамды құрады. Орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 143 800 теңге, оның ішінде:

  • 96 117 теңге – орташа  зейнетақы
  • 47 683 теңге – базалық зейнетақы

Зейнетақының өсуі және әлеуметтік саясат

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, базалық зейнетақы 6,5%-ға, ал орташа  зейнетақы 8,5%-ға өсті. Бұл инфляция деңгейінен 2%-ға жоғары.

Әлеуметтік қорғауды жақсарту мақсатында, 2023 жылдан бастап, Қазақстанда ең төменгі базалық зейнетақыны күнкөріс минимумының 70%-ына дейін, ал ең жоғары базалық зейнетақыны 120%-ына дейін кезең-кезеңімен арттыру жүргізілуде.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап:

  • ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңгеге дейін
  • ең жоғары базалық зейнетақы 50 851 теңгеге дейін көтерілді.

Зейнетақы тағайындау жүйесі

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, базалық зейнетақы төлемі әрбір алушының жеке еңбек өтіліне байланысты белгіленеді. Бұл еңбек өтіліне 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілі және міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер кіреді.