«Енді қазақ тілін үйренгім келеді»: Алматыда арбатта домбыраның құлағында ойнаған жапондық жігіт жұртты таңғалдырды

Жапониядан келген музыкант Акира Такегучи Алматыда арбатта қазақтың ұлттық аспабы домбырада түрлі күйлерді шебер орындп, жұртты таңғалдырды. Жапониялық жігіт енді қазақ тілін үйренгісі келетінін алға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  24.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жапониялық жігіт домбыраны алғаш рет Ыстамбұлда досынан кқрген. Кейін бірнеше сабақ алып, аспапты үйреніп алған. Бүгінде оның репертуарында 20-дан астам күй бар. Олардың арасында атақты «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» кіреді.

«Мен Жапонияда бірнеше рет өнер көрсеттім. Сонда қазақ домбырасы қызу қызығушылық тудырады. Музыкаға деген сүйіспеншілік аударманы қажет етпейді. Адамдар оны жүрегімен, құлағымен сезінуі керек. Сондықтан жапондықтардың қазақ музыкасына, оның нәзіктігі мен тереңдігіне деген құштарлығы бізді ерекше қуантады», — деді күйші, композитор Секен Тұрысбеков.

Акира Қазақстан мәдениетін тереңірек зерттегісі келетінін алға тартты.

«Маған Қазақстан өте ұнайды. Дәстүр мен мәдениетті тереңірек түсіну үшін қазақ тілін үйренгім келеді. Секен Тұрысбеков – нағыз кәсіпқой, одан сабақ алғаныма қуаныштымын. Бұған дейін мен түрік музыкасын скрипкада орындайтынмын. Бірақ домбыраның сиқырлы дыбысы бәрінен асып түсті. Бұл екі ішектің керемет күші бар. Мен тіпті Жапонияда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап, музыкалық байқауда жеңіске жеттім”, – деді Акира Такегучи.