«Енеме айлығымды бергім келмеді»: Астаналық бойжеткен отбасылық тәртіпке үйрене алмай, ажырасып кетті

Астана қаласының тұрғыны Гүлзат Жүкенова «Хабар» арнасындағы АйнаLine жобасында қонақта болып, алты айдан соң жұбайымен неліктен ажырасып кеткенін айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Тұрмыс құрғанға дейін жеке кәсібім болды. Жеке кәсіп арқылы ақша тапқан соң, ешкімге тәуелді болмадым. Үйдің тәрбиесімен жүрдім. Бірақ «не ішем? не алам? қайда барам?» деген сұрақтарға өзім жауап беретінмін. Өз қалауымды орындайтынмын. Кейін тұрмыс құрдым. Отбасы болған соң, сол үйдің тәртіп-ережесіне бағыну керек екен. Екі-үш айдан соң жұмыс істеу туралы ойлап, жолдасыма айттым. Ол маған талап қойды. Егер жұмыс істейтін болсам, жалақымның 50 пайызын енеме беруім керек екен», — дейді ол.

Гүлзат медицина саласында білім алғандықтан, осы мамандығы арқылы өзін дамытқысы келген. «Жұмысқа шыққанша ұзақ ойландым. Егер 80 мың теңге жалақы алып, оның жартысын енеме беретін болсам, өзіме, балама не қалады? Оның үстіне, бұрынғы жолдасым жұмысты да, үйдің шаруасын да алып жүруді талап етті. Осыған бола кикілжіңдер туа бастады. Енемнің бетіне келіп бұл туралы айта алған жоқпын. Бірақ осы жайттардан кейін алысқа бармай, алты айдан соң күйеуіммен ажырасып кеттім», — дейді Гүлзат Жүкенова.

Аталған бағдарламада қонақ болған блогер Дәулет Мұқаев Гүлзаттың бұл қылығына қатысты өз ойын айтты. «Алты ай дегеніңіз өте аз мерзім. Жұмысқа шығып та үлгермеген екенсіз. Бәрінің ыңғайын табуға болатын еді. Егер осы жағдай бірнеше рет қайталана беретін болса, онда ойлану керек», — деді ол.

kaz.nur.kz

 

ТегтерЕнеотбасы