«Ер-тоқымға байлап, далада сүйреген»: Айзат Жұманованы өлтірді деп айыпталған күйеуі 14 жылға сотталды

2025 жылғы 22 маусымда Баласаз ауылында болған қайғылы оқиға бойынша сот үкімі шықты. Айзат Жұманованың өліміне байланысты оның күйеуі Айбар Жанболат 14 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Тергеу мәліметінше, әйел ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген, алайда жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Сот-медициналық сараптама бас сүйек-ми жарақатын, ми ісінуін, бас сүйек түбінің, қол-аяқ пен жамбастың сынуын, сондай-ақ дененің қатты жермен сүйретілген іздерін анықтаған.
Айыпталушы бастапқыда марқұмның терезеден құлап кеткенін айтқан. Алайда бұл нұсқа дәлелін таппады.
Сот барысында анықталғандай, 22 маусымға қараған түні ер адам әйелін аулаға шығарып, соққыға жыққан. Әйел есінен танғаннан кейін де ұрып-соғу тоқтатылмаған. Айыпталушы оқиға кезінде мас күйде болған.
Бастапқыда іс «ауыр дене жарақатын келтіру» бабымен тергелген, кейін сараптама қорытындысына сәйкес «адам өлтіру» бабына қайта сараланды. Прокуратура 15 жыл жаза сұраған.
Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Үкімге сәйкес, сотталған азаматтан:
20 миллион теңге – моральдық зиянды;
1,7 миллион теңге – адвокат қызметіне кеткен шығындарды өтеу туралы шешім шығарылды.
фото stan.kz сайтынан алынды










