АЛТЫНОРДА
Басты жаңалықтарТарих

ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ – ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАҒЗЫМ

ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ – ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАҒЗЫМ

Ербол Сыпатаевтың рухына арналған еске алу кеші жас ұрпаққа Желтоқсан оқиғасының тағылымын жеткізді

Тарихты ұмытпау – өткенге тағзым ғана емес, келешек алдындағы жауапкершілік. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысын, қайсар рухы мен тәуелсіздік жолындағы күресін айқындаған маңызды тарихи кезең. Осы бір тағылымды оқиғаның мәнін жас ұрпаққа жеткізу мақсатында Алматы қаласында патриоттық бағыттағы кездесулер мен еске алу шаралары ұйымдастырылуда.

Осындай тағылымды шаралардың бірі 2026 жылғы 29 қазанда Алматы мемлекеттік жолаушылар көлігі және коммуникациялар колледжінде өтті. «Ерлікке тағзым – Тәуелсіздікке тағзым» атты еске алу кеші 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ербол Сыпатаевтың рухына арналды. Кездесуге Желтоқсан ардагерлері, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

Кештің мазмұны тарихи оқиғаны құр баяндаумен шектелмей, қатысушыларға сол кезеңнің рухын сезіндіруге бағытталды. Сахнада Ербол Сыпатаевтың өмір жолына арналған көрініс ұсынылып, өлеңдер оқылып, әндер орындалды. Әсіресе Желтоқсан ардагерлерінің естеліктері кештің маңызды бөлігіне айналды. Олар өз бастарынан өткен оқиғаларды әңгімелеп, сол күндердің ел жадындағы орнын жас буынға жеткізді.

Еске алу кешіне қатысқан Желтоқсан ардагерлері мен ұйымдастырушылар.

Мұндай кездесулердің маңызы – тарихи жадыны жаңғыртып қана қоймай, жастардың бойында елге деген құрметті, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. Тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін оның қандай күрес пен қайсарлықтың арқасында келгенін білу қажет. Ардагерлердің шынайы естеліктері мен жастардың өнер арқылы жеткізген тағылымы осы сабақтастықты айқын көрсетті.

Студенттер мен оқушылар еске алу кешінің сахналық бағдарламасына қатысты.

Іс-шара «Қайсар Жүрек» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ербол Сыпатаевты еске алуға арналған жоба» аясында өткізілді. Кеш соңында қор директоры Ш.Б. Ергебаева қонақтарға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.