«Фамилияға қарамаймыз»: Қарашөкеев Назарбаев отбасының жерін қайтару жайлы

Күні кеше Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен бірге мемлекетке қайтарылған 5 млн гектар жердің интерактивті картасын жариялаған. Бүгін үкімет кулуарына шыққан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев сол карта арқылы кез келген адам жерге өтінім бере алатынын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет кулуарында журналистер Қарашөкеевтен «Елбасы заңы күшін жойды. Осы ретте Назарбаевтың отбасының мүшелері қандай да бір жерді заңсыз алғаны немесе алған жеоін пайдалана алмай жатқаны белгілі болса, ол жерді ала аласыз ба?», деп сұрады.

Бұл сұраққа жауап берген Қарашөкеев «қай фамилия болмасын, барлық жерді тексереміз» деп жауап берді.

«Фактілер болса, алған жерді пайдаланбай қойған болса, заңбұзушылықпен жерді берген болса, әрине, міндетті түрде ол жерді тексеріп, елге қайтарамыз», — деді ол.