Фарида» әнін шырқаған қытайлық блогер желіде жұлдыз болды (видео)
Өткен аптада Қытайдың Tiktok желісінде «Фарида» әні көп қаралым жинап, таныла бастады. Тибет халқының ұлттық киімін киіп, қазақша ән шырқаған жас блогер Доң Джу KAZINFORM агенттігіне сұхбат берді
Агенттік анықтағандай, 23 жастағы Доң Джу Қытайдың Тибет автономды ауданына шекаралас Сычуань провинциясында тұрады. Өз аймағында блогерлікпен айналысады. Сондағы қазақ достарынан естіген ырғақты әнді ағасының үйлену тойында айтып шыққан.
«Қазақстанға барып көрмедім. Қытайда көптеген қазақ халқы тұратынын, тілдеріңіз ұйғыр тілімен ұқсас екенін білемін. Бала кезімнен хобби ретінде ән саламын. Дүнген, қытай, қазақ, ұйғыр әндерін айтамын, әсіресе көңілді, ырғақты әндерді жақсы көремін», — дейді Доң Джу.
Алғаш рет «Фарида» әнін 2003 жылы «Музарт» тобы орындаған еді. Алайда қытайлық блогер бұл әннің Ғазизхан Шекербеков жасаған жаңа музыкалық аранжировкасын пайдаланған.
«Бұл бейнеролик Қытайдың әлеуметтік желілерінде 10 миллионнан астам қаралым жинады. Оның ішінде Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданында ең көп көрілген және Іле қазақ автономиялық облысындағы Іле қаласының радиоарнасында қойылыпты. Қытайдың Tiktok-тан басқа әлеуметтік желілеріне де тарады. Маған соңғы үш күнде 20 мың жаңа көрермен қосылды», — дейді блогер.
Сонымен бірге Доң Джу бейнероликте көрсетілген Тибет халқының «Хадак» дәстүрі туралы айтып берді. Хадак – Тибет халықының түрлі той-жиынында құрметті адамға сыйланатын түрлі-түсті жібек маталары. Оның әрбір түсі махаббатты, тұрақтылықты, ақыл, мейірім, тазалықты білдіреді.