Франция Қазақстандағы ЕО инвесторлары арасындағы көшбасшылығын нығайтып келеді

Астанада өткен Қазақстан-француз бизнес-форумы Францияның ел экономикасындағы Еуропалық Одақтан (ЕО) келген ең ірі инвестор мәртебесін растады. Шараға Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Францияның сыртқы сауда жөніндегі делегат-министрі Лоран Сен-Мартен қатысты, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Форумға мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдарының және салалық қауымдастықтардың 300-ден астам өкілі жиналды. Француз тарапынан Vinci, Sanofi, EDF, Veolia, Schneider Electric, Danone, Air Liquide, TotalEnergies сынды ірі компаниялардың және MEDEF International ұйымының басшылары қатысты.

Пленарлық сессияда экономикалық байланыстарды нығайту және әртараптандыру мәселелері, соның ішінде энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, денсаулық сақтау, көлік және орнықты қалалық даму салаларындағы ынтымақтастық талқыланды.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Алибек Қуантұров Францияның қазақстандық экономикаға $17 млрд-тан астам инвестиция салғанын, осылайша ең ірі еуропалық инвестор болып отырғанын атап өтті.

Тек 2024 жылдың өзінде құны шамамен $300 млн болатын алты жоба іске асырылды, ал әзірленіп жатқан бастамалар саны 20-дан асады.

Француз тарапынан өндірісті жергіліктендіруге, технологиялар трансферіне және орнықты даму саласындағы жаңа бірлескен жобаларды іске қосуға дайындық білдірілді.

Форум барысында бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойылып, нақты инвестициялық бастамалар талқыланған B2B және B2G кездесулер өтті.