«Халықтың ақшасын шашқымыз келмеді» – Қ.Нұрқаділов әкесіне не себепті бюст орнатылғанын айтты
2024 жылғы 2 желтоқсанда Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюсттің ашылу салтанаты өтті деп хабарлайды Nege.kz
Сонымен қатар, Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілген болатын. Бюст Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебінің алаңына қойылған. Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен қайраткердің отбасы мүшелері қатысты. Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов бюстің ашылу рәсімін жасады.
«Заманбек Нұрқаділовке бюст емес, еңселі ескерткіш орнатса да жарасар еді» деп пікір білдіріп жатқандар бар. Тіпті, президенттің өзі «ескерткіш орнатылсын» деп тапсырма берген еді. Бастапқыда Заманбек Нұрқаділовке толыққанды ескерткіш қойылатыны айтылған. Алайда ол жоспар аяқ асты өзгеріп кетті.
NEGE тілшісі мұның себебін Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділовтен сұрады.
– Бюст орнатуды өзіміз қаладық. Оған бюджеттен қаржы бөлінген. Үлкен ескерткіш орнатуға шашамен 60 млн теңге кетеді. Ал бюжеттен бөлінген ақша – халықтың ақшасы. Халықтың ақшасын шашқымыз келмеді. Сол себепті, бюст орнатайық деген шешімге келдік. Биіктігі 5 метр болатын бюст қойылды.
Дінмұхаммед Қонаев та әкеміздің ұстазы ғой. Ол кісіге де Алматыда бюст қойылған. «Қонаевтан асырып, ескерткіш қоймайық» деген ойға тоқталдық. Әкем – саясаткер, сондықтан оған жарасып тұр. Ол – жазушы, ақын, батыр болса, онда ескерткіш орнатуға болар еді, – деп жауап берді Қайрат Нұрқаділов.
Қайрат Нұрқаділов ашылу рәсімінің ойдағыдай өткенін, өзінің оған көңілі толғанын жеткізді.
– Біз осы сәтті 19 жыл күттік. Қасым-Жомарт Кемелұлына рақмет! Барлығы әкемнің тек жасаған жақсылығы мен еңбегін айтады. Алматы облысының әкімдігі де барынша ат салысты. Бәрі ойдағыдай болды. Тіпті, ауа райы тамаша, неше күннен бері бұлт басқан күннің көзі жарқырап тұрды. Мен оны өзімше түсіндім, әкемнің рухы бір жадырап қалды-ау деп ойладым, – дейді қайраткердің ұлы.
Қайрат Нұрқаділов осы күнді анасының көрмей кеткеніне өкінді. Нұрбике Нұрқаділова 22 қарашада дүниеден өтті. Анасының қазасына байланысты ескерткіштің ашылу салтанаты кейінге шегерілген болатын.
– Анам осы күнді қатты күтті. Ол бюстің эскизін көріп, ұнатты. Әкем мен анам тұрған көпқабатты үйде ескерткіш тақтасын аштық. Мектепке атын берді, анам көзі тірісінде сол мектепті көріп кетті. Оның атқарылып жатқан шараларға көңілі толды. Анамыз жақында дүние салды, әкеміздің қасына жерледік, – деді ол.
Сондай-ақ ол әкесінің жұмбақ өлімінің ақиқатын ашу үшін соңына дейін баратынын жеткізді.
– Әкемнің өліміне қатысты қылмыстық істің шындығын ашу үшін соңына дейін барамын. Осы желтоқсан айында анамның қырқын өткіземіз. Анамыздың қазасынан кейін есімізді жиып, көктемде бұл істі қайта қолға аламын, – деді Қ.Нұрқаділов.
Фото: ғаламтордан