Қалың малды қайтар: шымкенттік келіншек бұрынғы күйеуінің кәдесыйға берген ақшасын даулап жатқанын айтты
Шымкенттік тұрғын бұрынғы күйеуінің қалың малды қайтаруды талап еткенін айтып, заңгерге шағымданды. Бұл туралы «Астана» телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды. Мерей мерейлі отбасы болсақ деп армандады. Өткен жылы тұрмысқа шықты.
Бірақ, сүйдім деген серісімен жараспады. Алты ай бұрын ажырасты. Жастардың жанжалы әлі бітпеген. Бұрынғы жолдасы қалың малға берген 2 миллион теңгені қайтар деп шу шығарып жүрген көрінеді. «Біз оны сол кезде тойға жұмсадық қой. Кредит те шықпайды маған. Әйтпесе, бере салар едім. Жігіттердің ұсақталып кеткеніне қарның ашады», — дейді Мерей есімді Шымкент тұрғыны.
Қалың мал берген кезде оны нотариуспен куәландыру керек. Сонда ғана қайтаруға қадам жасауға болады. Екі жасты қосып жатқан құдалар жаманшылық шақырып, заңдастыруға құлық танытпайды. Егер қалың малды даулайтын болса, соңғы нүктесін сот қояды. Заңгер Айшат Уәлиоллаға жылына 10-12 адам осы мәселемен арызданып келеді.
«Заңды түрде, нотаральды түрде неке шарты жасалса ғана қалың малды даулауға болады. Мынадай пайызы жолдасына кетеді деген мәселелер қарастырылған болса, ол кейін ажырасқаннан кейін сотпен жүгінуге толықтай құқығы бар. Бұл жерде енді қалың мал туралы сөз етілмейді», — дейді Айшат Уәлиолла.