Қара нәсілді қызды асырап алған қазақстандық көпбалалы ана хикаясын айтып берді
Алматы тұрғындары Нұрболат пен Назгүл есімді ерлі-зайыпты бұдан екі жыл бұрын мамандандырылған балалар үйінен қара нәсілді қыз баланы асырап алған. Олар қызға Назель есімін берген, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісіне сілтеме жасаған altyn-orda.kz
Ерлі-зайыпты бұл туралы «Астарлы ақиқат» бағдарламасында бөлісті.
«Тудым ба, асырап алдым ба, ешқандай айырмашылығы жоқ. Баланың аты — бала. Тәтті. Аналық сүтімді де бергенмін, сол үшін қатты жақсы көремін. Бірақ жауапкершілік екі есе артады ғой», — дейді Назгүл Қанатқызы.
Назгүл Қанатқызының айтуынша, ол Назельді бір көргеннен ұнатып қалған.
«Алғаш рет балалармен көрісуге барғанда қолыма алған кезде ол маған жымиып күлгені бар. Кішкентай бала болғанымен бірден сездім, «осы менің балам» дедім. Сол кезде «қара нәсілді» деп айтты, бірақ ештеңеге қараған жоқпын. Бұйырғаны осы қыз. Ана жүрегімен сезеді ғой», — деді ол.
Бүгінде Нұрболат пен Назгүл алты бала тәрбиелеп отыр. Назгүл Қанатқызының айтуынша, ол көпбалалы отбасында дүниеге келген, сондықтан ол да көпбалалы ана атанғысы келген. Назгүл — «Күміс алқа» иегері. Ол 21 жасында тұрмысқа шыққан. Қазір 33 жаста.
Назгүл неге бала асырап алғанын түсіндірді. Ол мұндай сұрақ көп қойылатынын айтты.
«Үлкен ұлымды босанған кезде перзентханада 18 жастағы қыз баласын тастап кетті. Ол кезде өзім жап-жаспын, «тоғыз ай бойы көтерген баласын қалайша тастап кетеді?» деп түсінбедім. Ол баланың бетіне де қараған жоқ. Көз алдымда баласынан бас тартты. Менде бұл жағдай көкейімде қалды», — дейді ол.
Нұрболат Қанжарбекұлының айтуынша, әуел бастан баланың ұлтына, нәсіліне қарамай асырап алуға шешім қабылдаған. Бірақ олар қара нәсілді бала бар деп тіпті ойламаған.
«Осыдан 3-4 жыл бұрын балаларды қоқыстан, әжетханадан тапқан жағдай көп болды. Сол кезде Назгүл жылап «бала асырап алайықшы» деп өтінді. Сол сәттен бастап, «Асырап алушы ата-аналар мектебінің» курсынан өттік, алдымен мен, кейін 6 айдан кейін әйелім өтті. Одан кейін базаға рұқсат алдық. Солай күні-түні отырып, Назельді алдық», — дейді ол.
Мамандандырылған балалар үйінің әлеуметтік қызметкері Анар Дүмшебаева ерлі-зайыптының баланы қалай асырап алғанын айтты.
«Оның тағдырына алаңдадық. Қазір асырап алушылар баланың ұлтына, нәсіліне қарамайды. Назгүл бізге келгенде көпбалалы ана атанғысы келетінін айтты», — деді ол.
Ерлі-зайыпты баланы асырап алғанда Назель 3 айлық сәби болған. Ал 2 ай бұрын отбасында Нәзима есімді қыз дүниеге келген. Назгүл Қанатқызының айтуынша, ол балаларға есімді өзі қойған.
Назгүлдің апасы Сахан Сапарғалиева алғашында ерлі-зайыптыға бала асырап алуға рұқсат бермегенін айтты.
«Нәзиманы туғаннан кейін бір қап-қара қызды үйге алып келіпті. Шошып кеттім. Ең құрығанда, «қазақтың қызы табылмады ма? Тілі қалай шығады? Қазақша сөйлей ме?» деп қорқып кеттім. Аллаға шүкір, қазір өсіп келе жатыр. Өзімнің баламдай болып кетті. Шөберем қазір ыстық, алдымнан «әже» деп жүгіріп шығады. Нәзима екеуі маған таласады», — дейді ол.
Назгүл Қанатқызы қызы ер жеткен соң биологиялық ата-анасымен кездескісі келсе, көмектесетінін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!