Қара теңіз арқылы өтетін Қазақстан мұнайының экспорты тоқтады — Reuters

Ресей билігі шетелдік танкерлерден ФСБ-ның арнайы рұқсатын талап етіп, Қара теңіз арқылы Қазақстан мұнайының экспортын іс жүзінде тоқтатты. Бұл туралы салалық дереккөздерге сілтеме жасап Altyn-orda.kz хабарлады.

24 шілдеде Ресейдің Қара теңіз порттары шетелдік танкерлерге тиеу жұмыстарын уақытша тоқтатқандығы белгілі болды. Бұл шешім Ресей президенті Владимир Путиннің жаңа жарлығымен байланысты.

Жарлық жарияланған сәттен бастап күшіне енді және ресейлік порттарға кіру үшін енді ФСБ-ның келісімі қажет.

Бұл жағдай Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы өтетін Каспий құбыр консорциумына (КТК) ауыр соққы болды.

Консорциумның негізгі акционерлері – америкалық энергетикалық алпауыттар Chevron мен ExxonMobil.

Шектеулер Қазақстан мен Ресей мұнайы экспортталатын Новороссийск портына да әсер етті. Reuters-тің есебінше, бұл тосқауыл әлемдік мұнай жеткізілімінің 2%-дан астамына ықпал етуі мүмкін.

Бұл оқиға Еуроодақтың Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуінен кейін бірден орын алды. Сарапшылардың пікірінше, бұл Кремльдің өңірдегі мұнай логистикасына бақылауын күшейткен.

КТК мен Ресейдің Көлік министрлігінен ресми пікір алу мүмкін болмады. Дереккөздердің бірі «жағдай бірнеше күн ішінде шешілуі мүмкін» деп болжайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін де КТК-ның жұмысы бұзылған болатын — ақпанда дрон шабуылы салдарынан насос станциясы зақымданып, сәуірде Ресей терминалдың өткізу қабілетін қысқа мерзімге шектеген.