Қарағандыда балалардың жаппай улануы — Дәрігерлер олардың жағдайы туралы хабарлады
Дәрігерлер балалардың жаппай улануы орын алған Қарағанды арнайы орталық тәрбиеленушілерінің жағдайы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Бүгін тағы үш баланы үйіне шығару жоспарланып отыр. 2023 жылдың 7 тамызындағы жағдай бойынша жансақтау бөлімінде алты бала жатыр, жағдайы тұрақты. Нейробокс бөлімінде үш бала жатыр, динамикасы тұрақты, жағдайы дұрысталып келеді. Жалпы саны тоғыз бала бар. Оның екеуі балалар ауруханасында жансақтау бөлімінде, қалған жетеуі облыстық клиникалық аурухананың жұқпалы аурулар орталығында. Үш баланы шығару жоспарлануда», — делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, орталықтан жедел жәрдем қызметіне алғашқы өтініш 30 шілде күні кешкісін түскен. «Қуаныш» тобындағы 13 жастағы бір оқушыда тамақтан улану белгілері болған. Нәжісі бос, құсу болды, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды. Алайда дәрігерлер қанша тырысқанымен, шамамен 12 сағаттан кейін бала қайтыс болды. Өлім себебі — жедел тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі.
30 және 31 шілдеде Қарағанды медициналық мекемелеріне орталықтан осындай белгілермен тағы 11 бала түскен. Олардың алтауының жағдайы ауыр. Олар жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппараттарына қосылды. Қазіргі таңда дәрігерлер балалардың өмірі үшін күресіп жатыр, екеуінің жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Ауруханаға түскен балалардың барлығы ер балалар екені, олар Қуаныш тобынан екені айтылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағандыда балалардың жаппай улануы орын алғанын және Балалардың бірінің анасы даулы мәселе туралы мәлімдеме жасағаны туралы жазған едік.