Қарағандыда қазақ тілін үйренуге арналған тегін тілдік лагерь ашылады

Қарағанды облысының әкімдігінің қолдауымен «Шырак» тілдерді оқыту орталығы қазақ тілін үйретуге арналған тегін ситуациялық тілдік лагерь жобасын іске қосады.

Бұл жоба — тек қазақ тілінде сөйлейтін толыққанды тілдік орта қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Форматы мен кестесі

Лагерь демалыс орны — Baiterek Resort базасында, Үштөбе ауылында өтеді. Оқыту үш ауысым бойынша ұйымдастырылады:

  • 23–29 маусым

  • 30 маусым – 6 шілде

  • 7–13 шілде

Сабақтар күн сайын сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін өтеді. Әр ауысымда 15 адам қатысады.

Тіркелу және толық ақпарат алу үшін мына нөмірге хабарласуға болады: +7 776 516 40 92.

Қатысушыларды не күтеді

Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналады. Оқытушылар шынайы өмірлік жағдайларды үлгі етіп өткізеді — мысалы, дүкенге бару, дәрігерге қаралу немесе қоғамдық көлікпен жүру.

«Бір күні қатысушылар сатушы мен сатып алушы рөлінде ойнайды. Бұл — тірі диалог құруға және тәжірибе арқылы үйренуге көмектеседі», — дейді «Шырак» орталығының директоры Асия Смыкова.

Бағдарламаға ойын түріндегі және теориялық сабақтар, ауызекі сөйлеу жаттығулары мен тұрақты тілдік тәжірибе кіреді.