Қазақ боксына түбегейлі өзгеріс қажет — Бақыт Сәрсекбаев
Боксшы Бақыт Сәрсекбаевтың есімі қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс. 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпия ойындарында отандық былғары қолғап шеберлері арасынан жалғыз өзі бас жүлдені олжалап, еліміздің әнұранын шырқатты. Одан бөлек, қандасымыздың Азия ойындарының жеңімпазы (2006 жылы), Азиаданың қола жүлдегері (2002), құрлықтың үш дүркін чемпионы (2002, 2005, 2007) деген атақтары тағы бар. Сол табысының арқасында «Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы» атағын алып, І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Содан кейін біраз уақыт елімізде жаттықтырушы болып қызмет етті. Таяуда ғана боксшымен тілдесудің сәті түсіп, Париж Олимпиадасындағы қазақ боксшыларының өнері әңгімеміздің арқауына айналды
деп хабарлайды «Egemen Qazaqstan»
– Бақыт Әбдірахманұлы, кейінгі кездері қазақ боксын жиі сынап жүрсіз. 2021 жылы Токио, 2024 жылы Парижде өткен Олимпия ойындарындағы нәтижеміздің төмен болатынын алдын-ала болжаған едіңіз. Сол сөздеріңіз ақиқатқа айналды. Осының барлығын неге сүйеніп айттыңыз?
– Осы сапаның кәсіби маманы және отандық боксқа жүрегі ауырып, жаны ашитын азамат ретінде барлық жағдайды сырттай байқап, бақылап жүрген жайым бар. Әр жарысты жіті қадағалай отырып, өзекті мәселелерді ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына саламын. Содан тиісті қорытынды шығардым. Оның үстіне, спорттың бұл түрінің ішкі «кухнясын» жақсы білемін. Кімнің жанын салып еңбектенгені немесе кімнің тек қарақан басының қамын күйттеп жүргені мәлім. Уақыт озған сайын қазақ боксының құлдырап бара жатқанын көргеннен соң БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желілер арқылы ой-пікірімді білдірдім. Оны менің жанайқайым десе де болады. Өздеріңіз байқағандай, бұл жерде ешбір дақпырт жоқ, айтқанымның барлығы да дәлелденді.
– Осыдан үш жыл бұрын Күншығыс елінде қос қолаға ғана қолымыз жетті, биыл Францияның бас шаһарында жалқы күмісті қанағат тұттық. Әрине, бұл нәтижеге көпшіліктің көңілі толмағаны анық. Сонда қазақ боксының құлдырауының себебі неде деп ойлайсыз?
– Федерация тарапынан дұрыс жұмыс жүргізілмейді. Қалыптасқан жақсы бір жүйе, ортақ мақсат жоқ. Ұлттық құраманың бапкерлер құрамы нашар. Облыстық ұйымдар қол қусырып отыр. Ешкім ешнәрсеге бас қатырғысы келмейді. Бұл саланың бұрынғы басшылығы тұсында әр өңірдің федерациясы бір-бірімен жарыса жұмыс істеп, нәтиже шығаруға талпынатын еді. Әрқайсының өз демеушілері болатын. Жаттықтырушылар лайықты жалақы алып, боксшыларды ынталандыру жағы да назардан тыс қалмайтын. Қазіргі жағдай мүлдем басқа. Көптеген облыстан тегеурінді былғары қолғап шеберлері шықпай жатыр. Кейбір жерлердегі жағдай тіптен мүшкіл. Жергілікті федерациялардың да көп нәрседен көңілдері қалғанға ұқсайды. Себебі ұлттық командада бәсекелестік жоқ. Өздеріңіз байқасаңыздар, байрақты бәсекелерге үнемі белгілі бір спортшылар ғана барады. Сол санаулы ғана боксшыны әр жарысқа тықпалай береміз. Оның қажеті бар ма, жоқ па, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Ал шынайы бәсекелестік болмаған жағдайда көрсеткіштің де құлдырайтыны белгілі. Еліміздің бірінші нөмірлі боксшылары олардың өкшелеп келе жатқан жуан жұдырықты жігіттердің барын әр күн сайын сезінуі керек. Сонда ешкім босаңсымайды, барлығы да үнемі бабында жүреді. Осы жағдайды федерация басшылығы мен бас бапкер өз бақылауларында ұстап, үнемі қадағалап отыруға тиіс. Бірақ ұлттық құраманы жаттықтырып жүрген бапкерлер тарапынан ондай іс-қимыл байқалмайды.
– Күні кеше ғана аяқталған Париждегі ойындарға кеңірек тоқталсақ. Әр боксшыға жеке-жеке баға бере кетсеңіз?
– Еліміздің боксшылары төртжылдықтың басты додасына еш даярлықсыз барғандай әсер қалдырды. Жігіттердің физикасы нашар, техникалары әлсіз. Әр боксшының сойып түсіретіндей өіне тән сойқан соққысы болуға тиіс. Мен оны байқамадым. Соққылар комбинациясын мүлдем көрмедім. Бәсеке барысында жерлестеріміз қолдарын бір-екі рет сілтеумен ғана шектеледі. Одан әріге бармайды. Қарымта шабуыл дұрыс ұйымдастырылмайды. Тұтқиылдан соққы жасау деген мүлдем жоқ. Әр эпизодта қандастарымыздың қандай әрекетке баратынын қарсыластары алдын-ала біліп отырғандай. Жақын қашықтықта жұмыс істей алмайды. Функционалдық дайындықтары нашар, көбі бірінші раундтан кейін-ақ болдырып қалады. Александр Хижнякқа қарсы кездесуде Нұрбек Оралбай сондай қателікке ұрынды. Шыны керек, 80 кг салмақтың финалы өте шиеленісті өтетін шығар деп ойладық. Ол үміт ақталмады. Мұхамедсабыр Базарбайұлының жеңіске деген талпынысы ұнады. Бірақ оның да мүмкіндігі шектеулі. Одан да жақсы нәтиже көрсетуге жас жігіттің шама-шарқы жетпеді. Басқа боксшылар да жігер көрсетпеді. Соның барлығы да оқу-жаттығу жиындарының дұрыс өткізілмегендігінің салдары.
Суретті түсірген – Тұрар ҚАЗАНҒАПОВ
– Сіздің ойыңызша төрешілер тарапынан бұра тарту немесе бұрмалау фактілері болды ма?
– Жоқ. Парижде ешбір боксшыға көпе-көрнеу қиянат жасалған жоқ. Төрелік әділ болды.
– Аталған жарыста бес бірдей бас жүлдені олжалаған Өзбекстан құрамасы жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. Осыдан сегіз жыл бұрын Рио Олимпиадасында да олар алдарына жан салмаған еді. Олар бұл биікке қалай жетті деп ойлайсыз?
– Толағай табыс пен мол олжа ешкімге оңайлықпен келмейтіні баршаға мәлім. Оған тек ақыл, күш және еңбекпен қол жеткізуге болады. Бұл биікке олар өздерінің еңбекқорлығы мен өжеттігі арқасында көтерілді. Өзбекстандық бапкерлердің ауызбіршілігі де мықты. Көрші мемлекеттің мамандары ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін әркез бір-бірін қолдап, қолпаштап жүреді. Қазір соның жемісін көріп отыр. Сөз орайы келгенде, бәсекеге қабілетті жақсы команда жасақтап, өзбек боксын орасан зор биікке көтерген ұлттық құраманың бас бапкері Толқын Қылышевтің де ерен еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз.
– Сіз кезінде Өзбекстан құрама командасы сапында өнер көрсеттіңіз. Екі ел арасындағы жаттығу үдерісінде қандай айырмашылық бар?
– Айырмашылық көп. Олар негізінен бұрыннан физикалық дайындыққа көп көңіл бөлетін. Соның арқасында боксшылар бәсекені басынан аяғына дейін бір деммен өткізеді. Шаршап, шалдығу дегенді білмейді. Кейінгі кездері көршілеріміздің техниканы арттырып, тактикалық шеберлікті шыңдауға баса назар аударып жүргені байқалады. Әр қарсыласқа жеке-жеке дайындалады. Үзіліс кезінде секунданттар өз шәкірттеріне дұрыс бағыт-бағдар беріп, үнемі жігерлендіріп отырады. Осы жағы маған ұнайды. Негізі мен Өзбекстанда дүниеге келіп, әйгілі Шыршық бокс мектебінде бұл өнердің қыр-сырына қанықтым. Жеті рет Өзбекстанның чемпионы атанып, Азия чемпионатында бас жүлдені олжаладым. Азия-Африка ойындарында топ жардым. Десек те нағыз кәсіби боксшы ретінде елімізде қалыптастым деуге толық негіз бар. Атақты Александр Апачинский мен Дамир Буданбековтен көп нәрсе үйрендім. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында атой салғанымда қос майталман маған дұрыс бағыт-бағдар беріп, әр жекпе-жекте жеңіске жетуіме сүбелі үлес қосты. Ол кезде қазақ бокс мектебінің даңқы дүркіреп тұрды.
– Өзбекстан боксын жаңа белеске көтерген Толқын Қылышевпен бірге оқыған екенсіз. Ол азамат туралы не айтасыз?
– Иә, Толқын екеуміз жасөспірім кезден таныспыз. Ол – білікті маман, мықты стратег. Кезінде Қылышев Шыршық бокс мектебін ұлттық деңгейге көтерсе, қазір ол әлемдік аренада өзбек боксының абыройын асқақтатып жүр.
– Қазақ боксын тығырықтан қалай шығаруға болады? Ол үшін не істеу керек?
– Қазақ боксына түбегейлі реформа қажет. Бұған дейінгі бапкерлер тарапынан орын алған олқылықтың орнын толтырып, қайта қалпына келтіру үшін кемінде екі олимпиадалық цикл керек-ау. Бірінші кезекте бізге қарақан басының ғана қамын ойлайтындар емес, осы өнерге шын жаны ашитын патриоттар, өз ісінің нағыз білгірлері мен кәсіби мамандар қажет. Сонда ғана қазақ боксының екінші тынысы ашылып, ол әлемдегі үздік командалардың қатарына қайта қосылады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін біраз уақыт керек.
– Кейінгі кездері көпшілік назарынан тыс қалдыңыз. Көп жарыста сізді жолықтыра бермейміз. Соған қарағанда шетелде жүрген секілдісіз…
– Иә, дәл солай. Біраз уақыттан бері Вьетнамда еңбек етіп жүрген жайым бар. Нақтылап айтсам, бокстан Ханой қаласы құрама командасының кеңесші-бапкерімін. Бұл жақта да жаман жұмыс істеп жатқан жоқпын. Менің шәкірттерім биылғы Вьетнам чемпионатында 2 алтын, 3 күміс және 3 қола медальды иеленіп, жалпы командалық есепте екінші орынды олжалады. 8,5 миллион тұрғыны бар астаналық боксшылар аталған жарыста бұрын-соңды бірде-бір рет осындай биікке көтерілген емес. Осылай қазіргі кезде Үнді-Қытай түбегінде еңбек етіп жүрмін.
– Жуырда отандық бір сайт «Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болуға кім лайық?» деген тақырыпта сауалдама жүргізді. Сонда көпшілік республикамыздың бас командасының тізгінін Бақыт Сәрсекбаевтың ұстағанын қалайтындарын айтты. Басшылық тарапынан қандай да бір ұсыныс түсіп жатса, сіз келісесіз бе?
– Оған қарсы емеспін. Бірақ команданы «Еті сенікі, сүйегі біздікі» деген ұстаныммен берсе ғана қабылдаймын. Әркім жұмысыма араласып, «үйт, бүйт» дегенін қаламаймын. Талабым сол. Қазір өзім де жұмыссыз емеспін. Шетелде жемісті еңбек етіп жатқанымды жоғарыда айттым. Вьетнамның спорт басшылары атқарған шаруаларыма дән риза. Ең бастысы, бұл жақта сыйлымын. Алайда қазақ боксының болашағына алаңдаймын. Сол кезде бәрін тастап, елге қайтқым келеді. Қазақ боксын жаңа деңгейге көтерсем деп армандаймын.
– Өткен аптада Тұрсынғали Еділов Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. Ғасырлар тоғысында Сиднейде алауы тұтанған Олимпия ойындарында 2 алтын мен 2 күміс медальды олжалап, керемет көрсеткішке қол жеткізген майталманның осы қызметке келгенін қалай қабылдадыңыз?
– Бұл – өте дұрыс шешім. Тұрсынғали ағамыздың бұл қызметке келгені жақсы болды. Ол кісінің көргені мен білгені көп. Әлі де Еділовтің ел спортына берері бар. Сонымен қатар федерацияның құрылымында ақсақалдар кеңесі болғанын қалар едім. Бізде зейнет жасындағы майталман мамандар, білікті бапкерлер, атақты боксшылар көп. Барлық ақсақалдың басын қосып, бір ұйым құрылса, керемет болар еді. Олар тәжірибелерімен бөлісіп, семинар мен ашық жаттығулар өткізіп, дәріс оқып, жастарға көрген-білгендерін айтса, одан еш ұтылмаймыз. Шыны керек, сол ардагерлерді бағаламай жүрміз. Мәселен, Алматыда Хамит Бараев деген профессор бар. Өзі де кезінде боксшы болған. Хамит Әубәкірұлының мұрағатында құнды дүниелер көп. Ұзақ жыл бойы әлемдік және Қазақстанның бокс тарихынан бастап, көптеген кітаптар мен әр жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларды тірнектеп жиған. Өзі де бірқатар ғылыми еңбек жазды. Эдуард Ғабдолов, Жандос Көкімов, Юрий Цхай, Дамир Буданбеков, Сұлтан Кастоев, Виктор Демьяненко, Серік Қонақбаев, Асылбек Қилымов, Михаил Юрченко, Әлімбек Балмаганбетов, тағы басқа саңлақтар арамызда жүр. Олардың кеуделері толған қазына. Бірақ сол ақиық ақсақалдардың ақылын еститін құлақ болмай тұр.
– Тағы айтарыңыз бар ма? Осындай мүмкіндік болып тұрған кезде «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы көпшілікке өз үніңізді жеткізсеңіз…
– Айта берсек, әңгіме көп. Мені бір қынжылтатыны, Олимпиада чемпиондарын жаттықтырушылық жұмысқа жолатпайтыны. Бұрыннан келе жатқан бапкерлер «орнымызды алып қояды» деп қорқа ма, әйтеуір бізден алшақ жүруге тырысады. Өздері ойлап тапқан «жақсы боксшыдан жақсы бапкер шықпайды» деген жаттанды тұжырымы бар. Соны қайталаудан жалықпайды. Бұл – бос әңгіме. Ермахан Ыбырайымов бас бапкер болған тұста еліміздің былғары қолғап шеберлері 2002 жылы Пусандағы Азия ойындарынан 2 алтын, 3 күміс және 2 қоланы иеленіп, 2004 жылы Афина Олимпиадасынан 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальды олжалағанын қалай ұмытамыз. Оған қоса Вэл Баркер кубогін да алдық. Мен еліміздің эксперименталды құраманың бас бапкері болғанымда жастар арасындағы әлем біріншілігінен қос алтынмен оралдық. Ол да ұмытылды. Тіптен, бапкерлік қызметті бермеген күнде жылдар бойы жиған мол тәжірибемізді тиімді пайдалануға болады ғой.
Қазіргі кезде елімізде жеті Олимпиада чемпионы және сол ойындардың ондаған жүлдегері бар. Солардың дені елде жүр. Василий Жировтан басқаларымыз осындамыз. Әрқайсымыздың өз стиліміз, техникамыз бен тактикамыз, оңтайлы соққыларымыз бен құпия «қаруымыз» бар. «Соның қалай жасалатынын, оны қай кезде пайдаланған жөн, кейбір қиын жағдайдан қалай шығуға болады?» деген сансыз сауалдарға жауап берер едік. Егер шақырып жатса, басқа да әсерлі әрі пайдалы әңгімелердің тиегін ағытамыз. Спорттағы тәжірибемізбен бөлісіп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берер едік. Ағасының ақылын тыңдаған адам ешуақытта жаман болмайды. Соны қаперден шығарып алдық. Бірақ қазіргі ұлттық құрама сапында жүрген бапкерлер бізді көрсе, «ат тондарын ала қашады». Бірер жыл бұрын министрлікке арнайы барып, осы ойымды ашық айтқанмын. Нақты дәлелдер мен дәйектер келтірдім. «Елімізде көзі тірі 15 Олимпиада чемпионы бар. Біз костюм-шалбар киіп алып, жайлы креслода жайғасып отырғымыз келмейді. Бізді спорт «майданының» алғы шебіне жіберіңіз. Сол жерде жүрейік. Немесе іріктеу жұмысына жегіңіздер. Ауылды жерлерден талай алымды, дарынды, қарымды балаларды тауып әкелер едік» дедім. Басшылар бас изегенімен, айтылған әңгіме айтылған күйі сол жерде қалды.
– Әсерлі әңгіме болды деп ойлаймын. Сізге көп рақмет!
– Ойымды ашық айтуға мүмкіндік берген ел газетіне де шексіз алғысымды білдіремін. Қазақ боксының көксегесі қайта көгергенін көруге жазсын!
Әңгімелескен –
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»