Қазақ Елі мен Иран арасындағы достық тағы бір белеске көтерілді

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан тарихи маңызы бар Бірлескен мәлімдеме қабылдап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа парағын ашты

деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Мемлекет басшыларының ашық ниетпен, өзара құрмет пен сенімге негізделген сұхбатынан кейін тараптар бірқатар маңызды құжаттармен алмасты. Бұл — екі ел арасындағы татулықтың тереңдеп, стратегиялық әріптестіктің бекігенінің айқын айғағы.

Алмасқан құжаттардың қатарында:

Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт — әділеттің салтанат құруына, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Халықаралық автокөлік тасымалдары жөніндегі келісімге енгізілген өзгерістер туралы хаттама — Еуразия кеңістігін байланыстыратын жолдарды кеңейтудің бастауы.

Зияткерлік меншік саласындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандум — ғылым мен өнер, ой еңбегінің жемісін қорғауға арналған маңызды қадам.

Көлік, транзит және логистика саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандум — Ұлы Жібек жолының жаңа дәуірде қайта жандануына серпін беретін құжат.

Бұл — Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи тамырластықтың, берік достықтың және ортақ мүдденің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі.

Екі ел басшылары қабылдаған шешімдер алдағы уақытта өңірлік тұрақтылықты нығайтып, экономикалық байланыстарды күшейтіп, халқымыздың игілігіне қызмет етпек.

фото .akorda.kz алынды