«Қазақ халқы – тамаша»: Молдова жаттықтырушысы

Игорь Бугаев – Молдова құрамасының бұрынғы шабуылшысы, қазіргі таңда Қостанайдың «Тобол» футбол клубының 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер командасының жаттықтырушысы. Ол қазақстандық жас футболшылармен жұмыс істеп қана қоймай, елдегі өмір салтымен де жақсы танысып үлгерген. Media Sport басылымына берген сұхбатында Бугаев Қазақстан мен Молдова арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар, менталитет және өзара құрмет жайлы пікірін бөлісті, деп жазады altyn-orda.kz.

«Қазақстан – ауқымды мемлекет. Территориясы мен халқының саны жағынан Молдоваға қарағанда әлдеқайда үлкен. Бірақ адаммен қарым-қатынас географияға емес, көзқарасқа байланысты. Егер сен заңға, адамдарға, мәдениетке құрметпен қарасаң – саған да дәл солай жауап береді», – дейді Игорь Бугаев.

Ол мәдени айырмашылықтарды еңсерілмейтін кедергі деп санамайды. «Менталитетіміз, шамамен, ұқсас – бұрынғы КСРО кеңістігіндегі көптеген елдерде бұл байқалады. Әрине, айырмашылықтар бар – біз әртүрлі ортада өстік. Бірақ қазақ та, молдован да – керемет халықтар. Мүмкін, сол себепті футболда да жиі түсіністік табамыз, алаңда да бір-бірімізді жақсы ұғамыз», – деп бөлісті жаттықтырушы.

Оның айтуынша, басқа елде жайлы өмір сүру үшін ашықтық пен диалогқа дайын болу маңызды. Ал бұл тұрғыда Қазақстанда бәрі жақсы, деп сенімді түрде айтады Бугаев.