фото Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтынан алынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлымен кездесіп, мемлекеттік тілді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды талқылады деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Кездесу барысында Рауан Кенжеханұлы қоғамның негізгі қызметі үш бағытқа негізделгенін айтты. Олар – қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақ тіліндегі контент көлемін арттыру және заманауи технологиялардың көмегімен мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту.
Әсіресе, жасанды интеллект саласындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.
OpenAI компаниясымен бірлескен жоба нәтижесінде қазақ тіліндегі 14 миллиард токеннен тұратын мәтіндік деректер қоры қалыптастырылып, 12 мың сағаттық аудиожазба жинақталған.
Бұл бастама қазақ тілін цифрлық технологияларға бейімдеуге және жасанды интеллект жүйелеріндегі мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тіліне дубляждалып, көрерменге ұсынған. Бұл қазақ тіліндегі сапалы аудиовизуалды контентті көбейтуге жасалған маңызды қадамдардың бірі.
Кездесуде Qazaq Tili Endowment қорының қаржылық жағдайы да таныстырылды. Қазіргі уақытта қордағы жарналардың жалпы көлемі 824 миллион теңгеге жеткен.
Президент қазақ тілін үйрету мен ғылыми әдебиеттерді аудару ісінде жасанды интеллектінің әлеуетін кеңінен пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына жоғары баға беріп, алдағы жобаларына сәттілік тіледі.
Осылайша, қазақ тілін дамыту жұмыстары дәстүрлі білім беру бағыттарымен ғана шектелмей, кино, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларын да қамтып отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің ресми

