«Қазақ тілін насихаттап жүретін тіл жанашыры». Көкшетауда 5 тілде еркін сөйлейтін әзербайжан мұғалім тұрады
Көкшетаулық Нилуфар Амирасланова ана тілі әзербайжан тілінен бөлек қазақ, түрік, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде еркін сөйлейді. Бірнеше тілді меңгерген ұстаз үнемі қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүреді. Әсіресе мемлекеттік тілді насихаттайтын түрлі байқауларға қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Нилуфар Амирасланова Әзербайжанда туғанымен, балалық шағы Қазақстанда өтті. Көкшетаудағы мектепте қазақша білім алып, жоғары оқу орнын тәмәмдады. Мамандығы — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Университет қабырғасында оқып жүргенде басқа тілдерге деген қызығушылығы оянды.
«Бір тілде сөйлеу үшін сол тілдің негіздерін білу қажет. Мысалы, әр тілдің бай сөз қоры бар. Яғни кез келген Түрік азаматы қазақ тілін бірден үйрене алмайды. Оны ашып, сөздерін үйрену керек. Граматикасын үйрену керек. Мен барлық тілді өзім үшін үйрендім», — деді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нилуфар Амирасланова.
Қазір полиглот мұғалім қаладағы бірінші мектепте еңбек етеді. Оның бірнеше тіл білетінін әріптестері мен оқушылары ерекше бағалайды, мақтан тұтады.
«Әріптестермен қарым-қатынас жасаған кезде, сабақ үстінде де, сабақтан тыс уақыттада қазақ тілін насихаттап жүретін тіл жанашыры. Атап айтсақ, жуырда ғана өткен «Тіл шебері» облыстық байқауында Нилуфар ханым жүлделі бірініш орын алды. Бұл тек Нилуфар ханымның жеңісі емес, барлық мектеп мерейінің артуы деп білеміз», — дейді мұғалім Біржан Қайыр.
Оқушы Жансая Қайыртайдың айтуынша, Нилуфар Алмасханқызының сабақтары өте қызықты.
«Ол кісі сабақтарында бізді түрлі ойындарға үйретеді, қазақ тілімізді құрметтеуге үйретеді. Біз ол кісі сабаққа келмегенде қатты сағынамыз. Ол кісінің сабақтарына қатысуға асығамыз», — дейді ол.
Сонымен қатар тәжірбиелі ұстаз — кітапқұмар. Қолы бос кезінде әлем әдебиеті, қазақ классиктерінің шығармаларын көп оқиды.
«Қазақша кітап көп оқыдым. Маған Абай Құнанбаевтың қара сөздері ұнайды. Абайдың қара сөздері қазақстандықтар үшін өте маңызды. Маған бұл қара сөздердің философиялық мәне өте ұнайды. Абайдың қара сөздері маған жөн береді. Мен күш-қуатты осы сөздерден аламын», — дейді Нилуфар Амирасланова.
Нилуфар Амирасланова — облыстық қазақ тілін насихаттау тобының белді мүшесі. Аймақ көлеміндегі түрлі әдеби және мәдени шараларға тұрақты қатысады. Қазір докторантурада білім алады. Мақсаты — осы білімін әрі қарай шыңдап, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу.